Әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден беріледі – Мақтаарал апаты
Әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден беріледі – Мақтаарал апаты
Фото: Интернеттен алынды
319
оқылды
Түркістан облысы Мақтаарал ауданының су басқан аймағына Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған үкіметтік комиссия барды. Қызыл судың астында қалған ауылдарды ұшып аралап шыққаннан кейін, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеевпен және өзбек әріптестермен бірлесіп, Мемлекеттік комиссия су басқан Өргебас және Фирдоуси ауылдарына барды.

Өзбекстан тарапы Мақтаарал ауданына 100-ден астам арнайы техника (шынжыр табанды және дөңгелекті тракторлар, мотопомпалармен жабдықталған өрт сөндіру машиналары) және 200 адам жеткізді. Сондай-ақ гидротехника мамандары да бар.

Мақтаарал ауданындағы жағдаймен танысуға Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр келіп, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен бірге су басқан ауылдарды аралап, елді мекен тұрғындарымен кездесті. Ақсақалдармен сөйлесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған мемлекеттік комиссия мүшелері Мырзакент елді мекенінде жиналыс өткізді.

Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша, Мемлекеттік комиссия су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады.

Мырзакент төңірегінде Достық, Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударатын жаңа шағын аудан салынады. Жаңа тұрғын үй алабына барлық коммуникация желісі жүргізіліп, балабақшалар мен мектептер салынады.

Ауданда ауыл шаруашылығына келген шығындарын өтеу мәселесі де шешілді. Шығын ТЖ жою жөніндегі шұғыл штаб комиссиясы жүргізген ревизия қорытындысы бойынша үкіметтік резервтен өтелетін болады.

Ауыл шаруашылығы несиелері бойынша фермерлерге төлемдерді кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын қалпына келтіру мақсатында АШМ ауыл шаруашылығы ҒЗИ-мен бірге  қалпына келтіреді.