Бүгінгі жаппай урбанизацияның салдары шағын елдімекендердің жойылуына әкелуі мүмкін. «Дипломмен – ауылға» деген бағдарлама бар, ал Төлеутай Рақымбеков ауылдан дипломға деген бағдарламаны ұсынып отыр. Яғни, ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген жастардың жоғары білім алуына мүмкіндік жасап, елдімекендердің тіршілігіне жаңа серпін беруге болатынын алға тартады. Жиынға қатысушылар кандидаттың отбасы құндылықтарын сақтауға ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. Жаһандану дәуірінде оның маңызы зор екенін атап өтті жиналғандар.
Түркістан облыстық қоғамдық штабы үміткердің сайлауалды желілік жұмыс жоспары аясында өнер байқауын өткізді. Түркістан облысының «Ауыл» ХДПП аудан белсенділері, ақындар, термеші-әншілер мен өнерсүйер қауым қатысты. Өнер бәйгесіне 148 адам тартылды. Қаламгерлерді ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық процестерді суреттеуге ынталандыру үшін ұйымдастырылған шара ауыл құндылықтарын насихаттау, ақындар мен жазушыларды қолдау және шығармашылығын дамытуды көздеді. Кеш барысында дұрыс таңдау жасаудың, сайлауға қатысудың маңызы да сөз болып, кандидат туралы кеш қонақтарына мағлұматтар беріліп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.
Кеш соңында кандидаттың сенімді өкілдері өнерсүйер қауымды бүгінде ауылдың тыныс-тіршілігімен етене таныс, ауылдың әл-ахуалын көтеруге атсалысып жүрген азаматты қолдауға шақырды.
Айдана БЕГІМ