Қазақстан президентіне үміткер Әміржан Қосанов Павлодар облыстық сайлауалды штабының белсенділерімен және жергілікті тұрғындармен кездесті. Іс-шарада кандидаттың сайлауалды платформасы кеңірек талқыланып, түрлі өзекті қоғамдық мәселеге қатысты ұстанымын жеткізді.
Сайлаушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтерді, кандидатқа сұрақ қойды. Кандидат Әміржан Қосанов Павлодардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысты. Ол осы оқиғалардың тарихи мәнін, мемлекеттілік пен ел болашағы үшін опат болған ата-бабамызды еске алудың рухани маңызын сипаттап, сөз сөйледі.
Кандидат әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шықты. Инстаграм, Фейсбук, Ютуб желілерінде онлайн режимде өзін бақылап отырған қолданушылардың саяси-әлеуметтік сауалдарына жауап беріп, олардың нұсқаған мәселелеріне тоқталды.
Қарағанды облысының орталығында және аудандарында, үміткердің сайлауалды штабтарында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын бақылаушылар үшін семинар жалғасын тапты. Дос Көшім бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде орын алуы ықтимал түрлі жағдайдағы әрекеттері жайлы түсіндірді. Қатысушылар қызығушылық танытқан тақырыптарын көтерді.
Мұндай семинар Қостанай қаласында да өтті. Іс-шараның модераторы және тренері Дос Көшім бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде болуы ықтимал түрлі жағдайдағы әрекеттері жайлы түсіндірді.
Айдана БЕГІМ