Бельгияда 11 мамырдан бастап карантин талаптарын жеңілдетеді
Бельгияда 11 мамырдан бастап карантин талаптарын жеңілдетеді
Бельгияның ұлттық қауіпсіздік кеңесі 11 мамырдан бастап карантин талаптарын жеңілдетеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Барлық дүкендер ашылып, көшедегі саудагерлерге жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Алайда, базарлар әзірге ашылмайды. Мейрамханалар мен дәмханалар тек маусым айында жұмысын бастайды. 10 мамырдан бастап ел тұрғындарына бір отбасына мүше 4 қонақты қабылдауға болады. Дегенмен, үкімет осындай кездесулерді мүмкіндігінше ашық далада өткізуді кеңес етіп отыр. Премьер-министр Софи Вильмес қоғамдық көлікте, вокзалдар мен әуежайларда және мектептерде бетперде тағу міндеттелетінін еске салды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирусты 51 мыңдай адам жұқтырып, 8 мыңнан астамы дерттен қайтыс болды. Алайда сәуір айынан бастап жұқтыру деректері азайып келеді. Софи Вильмес, Бельгия премьер-министрі: - 11 мамырда азық-түлік сатпайтын дүкендердің барлығына жұмыс істеуге рұқсат береміз. Бұл белгіленген ережелерге сай өтуі тиіс: әр тұтынушыға 10 шаршы метр бөлініп, дүкенде 30 минуттан артық болмауы керек. Сондай-ақ дүкенде әр адам бетперде тағуы қажет. Өкінішке орай дәмханалар мен мейрамханалар және өзге мәдени мен туристік орындар ашылмайды. 31 шілдеге дейін спорт пен әуесқой жарыстарын өткізуге тыйым салынды.