Мақтааралдықтарға еліміздің түкпір-түкпірінен көмек келіп жатыр - Бейсен Тәжібаев
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында болған су тасқынына байланысты мемлекет, қоғам тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр.
1 мамырда Өзбекстан Республикасы Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, орталық бетпақдала коллекторынан тасыған су салдарынан 2 мамыр сағат түнгі 01.30 уақытында Мақтаарал ауданының елдімекеніне су келіп, төтенше жағдай орын алды.
Шұғыл түрде 2 мамырда Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылды.
31 мың тұрғыны бар 14 елдімекен, 4885 тұрғын үйді су басу қаупі төнгендіктен, дер кезінде эвакуацияланды. Дер кезінде қолға алынған шаралар нәтижесінде 7 елдімекен су басудан аман қалды. Дамбы соғылып, құм толы 85 мың қап төселді. 80 бірлік техника жұмылдырылды.
Жалпы саны 6 мыңдай тұрғыны бар 5 елдімекенде 1030 үй судың зардабын тартты. Атап айтсақ, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық, Өргебас, Фирдоуси елдімекендері су астында қалды.
6 мамыр күні Мақтаарал ауданындағы жағдаймен танысуға Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр келіп, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен бірге су басқан Нұрлыжол, Өргебас, Фирдоуси ауылдарын аралап, елдімекен тұрғындарымен кездесті. Ақсақалдармен сөйлесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған мемлекеттік комиссия мүшелері Мырзакент елдімекенінде жиналыс өткізді.
Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік комиссия шешімімен Мақтаарал ауданындағы қызыл су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төленеді.
Мырзакент елдімекенінің шетінен жаңа мөлтекаудан соғылып, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшіріледі. Ол үшін Мырзакент ауылынан 500 тұрғын үй салуға 50 га. жер белгіленді. Әр тұрғын үйдің шаршы метрі 100 метрді құрамақ. Жаңа тұрғын үй алабында орталықтандырылған су және газ тартылып, электр жарығы, байланыс желісі, жолдар жасалатын болады. Әлеуметтік нысандар бой көтереді.
Су астында қалған екі ауыл - Фирдоуси және Өргебас ауылдарының азаматтарына облыс әкімі 3 түрлі ұсыныс айтты.
Ең бірінші, өзге елдімекеннен жаңа мөлтекаудан соғып, сол жаққа көшу;
Екінші, суға кеткен ауылдағы үйлерін қалпына келтіру;
Үшінші, әрбір тұрғын үйін өзі салуға ниет білдірсе, оған өтемақы төлеу;
Бұл үш ұсынысты таңдауды тұрғындар өзара ауыларалық жиналыста шешетін болды.
Бұдан бөлек, тұрғындар апат аймағында жүргізілетін құрылысқа шақырылды. Құрылыс жұмысына қатысушы азаматтарға жалақы төленеді.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығынын Үкімет төлеп береді. Олардың несиесін төлеу уақыты кейінге шегеріледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ғылыми зерттеу институттарымен бірге су астында қалған жерді қалпына келтіріп, биыл қандай дәнді дақылдар егуге болатынын зерттейді.
Ал, жоғалған малдың шығыны Төтенше жағдай бойынша Штаб жанынан құрылған комиссия шешімімен өтеледі.
Атап өтейік, Өзбекстан Президентінің тапсырмасы бойынша Мақтаарал ауданына 100-ден аса техника, 200 маман келді.
5 мамыр күні Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдаймен күреске қосымша күш тартылды.
Түркістан облысынан 55 қызметкер 21 мотопомпа, 6 техника, Жамбыл облысынан 50 маман, 8 техника, 3 қайық, 15 мотопомпа келсе, Шымкент қаласынан 40 адам, 8 техника, 10 мотопомпа, 2 қайық, Қызылорда облысынан 45 қызметкер, 6 техника, 4 қайық, 10 мотопомпа келді.
Сондай-ақ Алматы қаласынан Ұлттық Гвардияның 28237 әскери бөлімінен 160 маман, 15 техника Мақтааралға жолға шықты.
Оқиға орнында жалпы жиыны жеке құрамның 350 қызметкері, 43 техника, 9 жүзу құралы, 56 мотопомпа жұмыс істемек.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды.
Апатқа байланысты ауданда эвакуациялық орталықтар жасақталды.
Айта кетейік, ауданда тасқын су орын алуына байланысты Жеңіс, Өргебас, Достық, Жаңатұрмыс, Фирдоуси ауылдарынан жалпы 31 мың азамат қауіпсіз аймаққа шығарылған болатын. Соның 17 мыңнан астамы Мырзакент кенті мен Ақжол ауылының тұрғындары. Олар үйлеріне қайтарылды.
Бүгінде он эвакуациялық орталықта үш мыңға жуық тұрғын бар. Оларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Жатын орын, төсек, тамақ, азық-түлікпен қамтылған. Мектеп оқушылары білімін жалғастырып жатыр.
Мақтаарал ауданындағы апатқа байланысты арнайы қор жарияланды. «Түркістан» әлеуметтік-корпоративтік қорына еліміздегі қалталы азаматтар қаржы аударып жатыр.
Еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жолға шығып, бірқатары келіп үлгерді.
Ең алдымен көршілес Жамбыл облысынан 30 тоннадан аса азық-түлік тиелген керуені келді. Олар 10 тонна ұн, 10 тонна күріш, 5 тонна қант, 1 тонна гречка, 2 тонна сұйық май, 2 тонна макарон өнімдері мен 5 тонна гигиеналық заттар алып келді. Сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының және барлық аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары «Біз біргеміз!» акциясы бойынша 30 тонна азық-түлік жеткізді. Жалпы соммасы 21 млн. теңге болатын керуенінде азық-түлік тауарларынан бөлек, киім-кешек, жеке бас гигиенасына арналған тауарлар да жеткілікті. Яғни, керуенде 19,5 тонна ұн, 2,9 тонна күріш, 3,6 тонна қант, 2,8 тонна макарон, 1,5 тонна ет, 900 келі жуық сүт өнімдері, 2,8 тонна картоп, 1,7 тонна пияз, 1,3 тонна сәбіз және тағы басқа да азық-түлік өнімдері бар. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары мұнымен тоқталмай, тағы да бір керуенді жөнелтті. Жалпы құны 11 млн теңгені құрайтын 11 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек әкелді. Оның ішінде азық-түлік, көрпе-төсек, киім кешек, гигиеналық заттар мен 2 тонна балық еті де бар.
Nur Otan партиясының "Біз біргеміз!" акциясы аясында «Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қоры 20 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Оның ішінде азық-түліктен бөлек, 18 түрлі жеке бас гигиенасына қажетті заттар мен балаларға арналған тәттілер де бар.
7 мамырда Түркістан облысы Мақтаарал ауданына Nur Otan партиясының 40 тоннадан астам гуманитарлық көмегі келіп жетті. Бұл көмек «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бойынша жолданды.
Тұрғындарға бірінші кезектегі қажет заттар мен азық-түлік Мақтаарал ауданындағы апатқа байланысты құрылған штабтың орталық қоймасына жеткізілді. Партия ұсынған 40 тонна азық-түлік 1500 отбасыға 30 келіден теңдей үлестіріліп беріледі деп жоспарланған. «Birgemiz» қоры арқылы бірнеше жүк көлігіне тиелген бірнеше жүк көлігін республикалық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев бастап келді.
«Халық» қайырымдылық қоры Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 50 тоннадан артық гуманитарлық көмек жолдады.
Қызылорда облысынан 15 тоннаға жуық гуманитарлық көмек келді.
Арыс, Бәйдібек, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Келес, Отырар, Түркістан және Сайрам және өзге аудандардың әрқайсынан 5-10 тоннаға көлемінде азық-түлік жеткізілді. Таяу күндері Мақтаарал ауданының халқына Павлодар, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау облыстарынан да көмек келмекші.
Бүгінде арнайы қоймада 270 тоннадан астам азық-түлік қоры жиналған. Оның 90 тоннасы таратылды. Ет, ұн, күріш, май және киім-кешек пен күнделікті қолданысқа қажетті заттар Мақтаарал ауданындағы эвакуациялық орталықтарға жайғастырылған тұрғындарға күнделікті таратылуда. Мұнда сын сағатында қол ұшын созған өңірдің барлық аудандары мен өзге облыстардан гуманитарлық көмектер жеткізілуде. Бақылау Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы басшылығына жүктелген.
Түркістан облыстық "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, бүгінгі таңда штаб қоймасына 270 тоннадан астам азық-түлік жиналған.
"Мақтааралдықтарға барлық өңірден көмек келіп жатыр. Қазіргі таңда штаб қоймасы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Бүгінде мұнда 270 тоннадан астам азық-түлік тауарлары мен көрпе-төсек, киім кешек, гигиеналық заттар жинақталды. Бұдан бөлек тағы екі қойма әзірлеп, тұрғындарға керекті заттардың бәрі жеткізіліп берілуде. Қабылдап алу мен таратып беру ісі жүйеленіп, тек сұранысқа сай тізім арқылы үлестірілуде", – деді Бейсен Дәулетұлы.