Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ассамблеяның қазіргі қызметі және ХХVII сессияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін қолға алынып жатқан шаралар туралы мәлімделді. Нұрсұлтан Назарбаев ассамблеяның тұрақтылықты сақтау және қоғамның бірлігін нығайту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын атап өтті.
– Қазақстан халқы ассамблеясы – қоғамды біріктіретін құрылым. Әр өңірде кіші ассамблеялар жұмыс істеп жатыр, достық үйлері ашылды. Қазір еліміз үшін тұрақтылықтың маңызы зор. Ол болмаса, барлық жетістігімізден айырыламыз. Сондықтан Қазақстан халқы ассамблеясының басты міндеті – халықтың бірлігін нығайту үшін қоғамды жұмылдыру, – деді Елбасы.
Жансейіт Қансейітұлы этномәдени бірлестіктердің Тұңғыш Президентке бейбітшілік пен келісімді сақтап, ел экономикасын дамыту ісіндегі жетістіктері үшін зор ризашылық білдіретінін атап өтті.