Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына іссапармен барды. Ол жақта мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, зиялы қауым, ардагерлер, кәсіподақтар мен жастар ұйымдарының өкілдерімен, мемлекеттік қызметшілермен кездесті.
Президент өңір халқының әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге, отандық өндірушілерді дамыту үшін мұнай-газ секторының әлеуетін барынша пайдалануға көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке үш ірі жоба аясында өнімдерді сатып алу және қызмет көрсету ісіндегі отандық тауарлар мен жергілікті мамандардың үлесін көбейту, шетелдік және отандық жұмысшыларды бірдей еңбекақымен қамтамасыз ету жөнінде жүйелі жұмыс жүргізуге тапсырма берді. «Атырау облысы – мәдени және адам әлеуеті мол аймақ. Өңірдің жетістіктері жергілікті халықтың өмір сүру сапасы мен табысының өсуіне ықпал етуі тиіс. Әкімдік, үкімет, бизнес – бәріміз осыған баса назар аударуымыз керек. Азаматтарымыз сапалы білім алып, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Отандық кәсіпкерлерге де айтарым бар. Мемлекеттің және кез келген компанияның ең басты байлығы адам екенін ұмытпаңыздар. Бастысы, жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмысшылардың жалақысын арттыру», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, экономика саласын әртараптандыру, соның ішінде полиэтилен, полипропилен өндіру және балық шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Жергілікті экономиканың мұнай-газ және мұнай-химия кешендерінен басқа да салаларын дамыту қажет екені белгілі. Осы ретте Президент балық өнеркәсібін қалпына келтіріп, осы секторға инвесторлар тартуға тапсырма берді. Бүгінде қабылданған шаралар нәтиже бермей келеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдік бұл мәселеге баса назар аударуы тиіс екенін атап өтті.
Облыстағы тұрғын үй, экология және көлік инфрақұрылымы мәселелері де шешімін күтіп тұрғаны белгілі. «Нағыз сапалы жол қандай болуы керек? Ең алдымен, сол жолды пайдаланатын тұрғындарды діттеген жеріне жылдам жеткізетін қауіпсіз жол болуы тиіс. Жөнделген жолдың саны емес, сапасы маңызды. Әкімдіктердің жұмысын осы талапқа сай бағалайтын боламын. Мысалы, қазір Индер мен Миялының арасындағы 120 шақырымды жүріп өту үшін 5 сағат керек. Ал жөндеуден кейін бұл аралықты 1,5 – 2 сағаттың ішінде жүріп өтуге болады», – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ел бюджетін жоспарлау кезінде трансферлердің әділ бөлінуі мен жемқорлыққа қарсы жұмыстарды күшейту туралы да айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев атқарған мінсіз еңбектері үшін бірқатар азаматты алғысхатпен марапаттады. Олардың арасында Атырау облыстық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі А.Дүсіпов, «Болашақ К» қоғамдық бірлестігінің менеджері Г.Жұмабаева, мұнай және газ өңдеу цехының операторы Н.Ерғалиев, «Амангелді атындағы» балық шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі У.Есалиев және Атырау қалалық №17 орта мектеп лицейінің математика пәнінің оқытушысы С.Ерошенко бар. Кездесу соңында Мемлекет басшысы қатысушыларды мемлекеттік рәміздер күнімен және қасиетті Рамазан айының аяқталуымен құттықтап, табыс пен бақ-береке тіледі.