Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қалай өзгереді?
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қалай өзгереді?
© Сурет ғаламтордан
Алматылықтар мемлекеттік қызметтің 80% Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан емес, әкімдіктер жанындағы кеңселерден, оқу орындары мен медициналық ұйымдарда орналастырылатын өз-өзіне қызмет көрсету секторларынан алатын болады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев айтты. Данияр Қырықбаевтың айтуынша, Алматыда 11 мамырдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады және олар тұрғындарға жаңа форматта қызмет көрсететін болады.
«Өзгерістер ХҚО-да көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне ғана емес, оларды ұсыну форматына да қатысты болады. Егер рет-ретімен айтар болсам, біріншіден, енді алматылықтар ХҚО-да электронды форматта қолжетімсіз, тек «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтер (мысалы, жеке куәлікті, төлқұжатты ауыстыру, зейнетақы төлемдерін тағайындау) мен egov.kz арқылы рәсімделген өтініштердің нәтижесін алу үшін ғана келе алады. Екіншіден, енді ХҚО-ға бару үшін 1414 байланыс орталығы немесе egov.kz сайтындағы арнайы сервис арқылы кезек уақытын алдына ала брондау қажет болады»,– дейді Д.Қырықбаев.
Сонымен қатар, ол азаматтар электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80% әкімдіктер жанындағы кеңселерден, оқу орындарынан, медициналық ұйымдардан және тағы басқа жерлерде орналастырылатын өз-өзіне қызмет көрсету секторларынан ала алады.
«Қазіргі күні ондай мекемелермен келіссөздер жүргізіліп, өз-өзіне қызмет көрсету секторларын ашу жұмыстарымен айналысудамыз. Сонымен қатар, Электронды сандық қолтаңба бұрынғыдай ХҚО-да берілмейді. Олар тек eGov.kz порталы арқылы алынады. Бұл, азаматтардың ХҚО-да көптеп жиналуын болдырмайды және вирусты жұқтыру қаупін жояды. Қызмет алушылар да өз уақытын үнемдейді. Қазір фронт-офистер жаңа форматқа лайықталып қайта жаңартылды. Бөлімдер қажетті оргтехникалармен, дербес компьютерлермен, вэб-камералармен, сип-телефондармен және жұмысты ұйымдастыру үшін қажетті құрал-саймандармен жабдықталды»,– деді ол.
Оның айтуынша, HR-мамандары мен тәлімгерлер бейнеконференция байланысы арқылы ХҚО қызметкерлеріне жаңа формат бойынша дәрістер өткізді.