Еңбекті қадірлеу үлгісі
Еңбекті қадірлеу үлгісі
525
оқылды

Қоғамдық формация өзгеріске түскен заманда еңбекті бағалау және қадірлеу деген ұғым өзгереді. Жеке мүдде алға шыққанда жалпы еңбек дегеннің өзі қоғам қадірлейтін деңгейге жете бермейді. Бізде Жалпыға бірдей еңбек қоғамы туралы биік мінберлерден сөз болады. Ал нақты еңбек адамын қадірлеудің жолы қандай? Бұл жағын ойлай бермейміз.

Жақында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дәстүрлі V малшылар слеті өтті. Осы шараға елі­міздегі қаржы институттарының бас­шылары, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қара­ғанды және Пав­лодар облыстарының аграр­шылары қатысты. Соңғы жылдары мем­ле­кеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасқан. Агро­өнер­кәсіптік кешенге бағытталған инвес­тиция еселеп өсіп жатыр. Соңғы 5 жыл­да аграрлық салаға са­лынған ин­вес­тиция көлемі 27 есеге ұлғайып, экс­портталатын өнім түрлері 3-тен 16-ға дейін артқан. Қызылорда облысында ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланған тәрізді. Иранға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Монғолияға, Ресейге, Өзбекстанға тірілей қозы, ірі қара малдарын етке экспорттау жүріп жатыр.

Слет аясында аграрлық саланың ең үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Асылтұқымды мал өсі­ретін үздік ре­продуктор шаруа­шылық; ет бағытын­дағы ауыл ша­руа­шылығы кооперативі; үздік сүт бағытындағы ауыл шаруа­шы­лығы кооперативі; үздік мал өнімдерін өңдеу кәсіпорны; үздік құс шаруа­шылығы; үздік бақташы; үздік шопан; үздік жылқышы; үздік түйекеш; үздік ветеринар; мал шаруашылығы сала­сының дамуына үлес қосқан үздік БАҚ өкілі сияқты 11 номинация бойынша марапаттау рәсімі жасалды.

Малшылар слетіне бірнеше рет қатысқаным бар. Слет аясында жер­гілікті ауыл тауарын өндірушілердің өнім­дерінің, ветери­нарлық техника және жабдықтарының көрмесі ұйымдас­тырылады. Соны­мен қатар семинар өт­кізіліп, онда селек­циялық мал шаруа­шылығын дамыту және ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің бәсекеге қабі­леттілігін арттыру мәсе­лелері талқы­ланады.

Мұндай жиын еліміздің басқа өңір­лерінде өткізіле ме? Мал өсірумен тек Қызылорда облысы ғана айналыспайды ғой. Малшылар слетін /бәлкім басқаша да атауға болар/ республика көлемінде бес жылда бір рет өткізіп тұрса, қалай болар еді? Осы саладағы жетіс­тіктеріміз бен кемшіліктерді са­раптап, экономи­каның жаңа драйверіне айналудың амал-әрекеттеріне баға беруге мүмкіндік алар едік.