Қырлы стақан түбінде қырсық жатыр
Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда өткен жылы арақ өндірісі күрт құлдырады. Ал сыра өндірісі керісінше, едәуір артты. Атап айтқанда, 2019 жылы елімізде жасалған арақ көлемі 2018 жылмен салыстырғанда бірден 34,3%-ға – 19,5 миллион литрге дейін азайды (алдыңғы жылы 29,7 млн литрі жасалған). Қызуы төмен ішімдіктер өндірісі жыл сайын ұлғайып келеді: сыра – 663,6 млн литрге дейін, шарап – 49,9 млн литрге дейін өсті. Сарапшылар бұл үрдіс екі құбылыстан хабар беретініне сенімді: біріншіден, қазақстандықтар бірте-бірте арақтан аулақтап, жеңілдеу алкогольге ауысып жатыр. Екіншіден, арақ өндірісі «көлеңкеге» кетуде. Energyprom мәліметінше, отандық өндірушілер арақ және ликер тектес ішімдіктер бойынша елдегі сұраныстың 77,7%-ын өздері өтеп отыр. Шарап секторында да жергілікті бизнес салмаққа ие: ішкі нарықтың 68,1%-ын иеленеді. «Қазақстандық мазмұн» әсіресе, сыра саласында жақсы дамыған: онда бұл көрсеткіш 91,3%-ға жетті. Бірақ сыра да маскүнемдікті ушықтырады. Таяуда Вашингтон университетінің профессоры Эммануэла Гакиду (Emmanuela Gakidou) бастаған БҰҰ сарапшылары кең ауқымды зерттеу қорытындысында алкоголь өнімдерін тұтыну кесірінен ең жоғарғы өлім-жітімге ұшыраған елдердің тізімін жариялады. Қазақстан осы жаһандық тізімде 10-орын алды. Ғалымдар 195 елге қатысты 1990-2016 жылдар аралығындағы статистикалық деректерді жинап, зерделеді. «Қаралы көшті» Африка және посткеңестік кеңістіктегі елдер бастады. БҰҰ антирейтингінде бірінші орынға «қара құрлықтағы» Лесото корольдігі қойылды, онда 100 мың адамның 140-ы спирт өнімдерінен өледі. 2-орында Ресей. Ондықтан Орталық Африка республикасы, Украина, Африкадағы Бурунди, сондай-ақ Литва, Беларусь, Моңғолия, Латвия және Қазақстан орын тапты. Мысалы, Алматыда былтыр ғана 6 мыңнан астам адам алкоголь өнімдерінен уланған. Оның 2 мыңдайы ауруханаға жатқызылды. Одан 23 адам өлді.Төрге бастар төрт үлгі
Маскүнемдікпен күрес мақсатында мемлекет түрлі шараны қолға алды. Соның бірі – алкоголь өнімдерінің бағасын көтеру. Былтыр ішімдік тағы 8,6%-ға қымбаттады. Бәрінен көп арақ бағасы өсті: бір жылда 10,2%. Сыра бағасы – 8,5%, шарап бағасы 5%-ға жоғарылады. Бұдан бөлек, Үкіметтің жаңа шешіміне сәйкес, биыл спирт үлесі көп алкоголь өнімдері литрін 2 мың теңгеден арзан сатуға жол берілмейді. – 2019 жылы арақтарға және айрықша арақтарға, ликер-арақ бұйымдарына арналған ең төменгі бөлшек сауда бағасы 1 923 теңгені құрады. 2020 жылы ол 2 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл әкімшілік шығыстар, тасымалдау мен құрауыш өнімдер бағасының өсуі секілді кейбір үстеме шығындардың көбеюіне байланысты, – деп түсіндіреді бірінші вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов. Жалпы, әлемде алкоголизм мәселесін шешудің 4 озық үлгісі бар. Біріншісі – Қытай моделі. ҚХР азаматтары негізінен, спирт ішімдіктерін өте аз тұтынады. Соңғы бірнеше жыл бойы ішілген «ащы су» шың елінің әр тұрғынына шаққанда 50 миллилитрден ғана келеді. Қытай үлгісі арақ-шараптың жергілікті халық болмысына жат, ұлттық дәстүрлеріне қайшы екенін бала кезден санаға сіңіруге, яғни мықты тәрбиеге құрылған. Мұндай жолды Үндістан, Вьетнам, Тайланд, Корея, Непал, Шри-Ланка, Мьянма секілді елдер ұстанады. Екіншісі – араб моделі. Оларда адамды мас ететін кез келген өнімді тұтынуға шариғатта тыйым салынған. Спиртті ішімдік сатушыларға қатаң шара белгіленген, тіпті өлім жазасына кесіледі. Темекі шеккенге дүре соғылады. Нәтижесінде, араб мемлекеттерінде алкоголизм мен нашақорлық проблемасы жоқ деуге болады. Үшіншісі – Америка үлгісі. Әртүрлі фискалдық-салық шараларын қолдану арқасында АҚШ-та ішімдік ішу қалта қағады, ал алкоголь өнімдерін кең ауқымды өндіру және дүкенде сату – қаржылық-экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Штаттарда да «самогон» әзірлеушілер бар: moonshiners деп аталатын көлеңкелі өндірушілер қатаң қудаланады, оларға бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Алкоголь мен темекіге қатысты проблемалармен арнайы институт NIAAA айналысады. Бұл модель Канада, Мексика және Чилиде қолданылады. Төртіншісі – батыс Еуропа моделі. Оған сүйенген елдерде ішімдік ішуге қарсы қозғалыс кең жайылды. Осы үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет қуатты қолдайды. Жергілікті қауымдарға және өзін-өзі басқару органдарына тіпті спирт ішімдіктерінің бөлшек саудасына тыйым салу құқығы берілген. Алкоголь өнімдерінің саудасынан түскен табыстың бір бөлігі маскүнемдікпен күреске бағытталады. Қазақстан бұл күрес үлгілерінің бірімен ғана шектелмей, әрқайсысының бізге жарайтын, халқымыздың болмысы жатсынбайтын жақсы жақтарын алғаны жөн. Қалай болғанда, БҰҰ-ның өзі ондыққа енгізіп, дабыл қағып отырғанда, ел Үкіметінің бей-жай қала бергені әбестік. Айхан ШӘРІП