Дәл қазір кедендік қоймада дұрыс ресімделмегені үшін тәркіленген 12 мың бөтелке ішімдік жатыр. Бұл туралы кәсіпкер Әлия Сұлтанғазинова хабарлады. Жүк былтыр Үндістаннан Қазақстанға жөнелтілген. Жәшіктер 750 миллилитрлік шөлмектерге құйылған үнді ромына толы. Шетелдік өнім елге жеткенше, кедендік тосқауылға ғана емес, қымбатшылыққа тап болды. Елімізде арақ-шарап өнімдері қымбаттады. Арақ-шарап ішу – мұсылмандыққа жат. Хақ дінімізді алғаш ұстана бастаған – арабтар. Бірақ спирт-этанолды да арабтар ойлап тапқан. VIII-IX ғасырларда араб алхимиктері «пәлсапа тасы» мен «ұзақ өмір эликсирін» іздегені мәлім. Содан араб ғалымдары Бағдадта кездейсоқ кәдімгі «самогон аппаратын» жасап шығады: буландыру және конденсациялау нәтижесінде дистилляция тәсілі туды, ал оның өнімі, яғни спирт «әл-кухуль» аталды. Кейін Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Аллаһу алейһи уә сәллам мұсылман үмметінің бұл ішімдікті тұтынуына тыйым салды. Құран Кәрім мен хадистерде арақ – нағыз харам: «арақ ішуші жәннатқа кірмейді». Шарап тарихы одан терең. Ғалымдар ежелден жүзім өсіріп, шарап жасайтын елдерді жаппай маскүнемдік жайламағанын айтады. Ал осы ішімдікке кейінірек әуестенген елдердің маңдай соры бес елі көрінеді. – Бұрын арақ-шарапты білмеген кейбір халықтар алкоголизмге қарсы тұрар қуат таппай, тарихи аренадан мүлдем жойылды. Геродот атақты «Тарих» туындысында қарсыласын әлсірету үшін гректердің көшпелі сақ-скифтердің бірқатар тайпасын шарапқа тойдырып, ішкілікке салындырғанын жазады. Жекелеген сақ қорғандары мен мекендерінен шарап құйылатын грек амфораларының табылуы осыған дәлел. Еуропалық отарлаушылар күрестің осы тәсілін Африка тайпаларына қарсы қолданды, ал Солтүстік Америкада үндістердің түбіне «отты су» аталған виски жетті. Ресей патшалығының Сібірді, Қиыр Солтүстікті, қазақ жерін басып алуы кезінде орыс шарап сатушыларынан қаншама ұлысқа нұқсан келді. Біразы құрыды, – дейді тарихшы Сәкен Уталиев. Біздің халық ішімдіктің күйретуші уытына генетикалық тұрғыдан төтеп бере алмайды.
Қырлы стақан түбінде қырсық жатыр
Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда өткен жылы арақ өндірісі күрт құлдырады. Ал сыра өндірісі керісінше, едәуір артты. Атап айтқанда, 2019 жылы елімізде жасалған арақ көлемі 2018 жылмен салыстырғанда бірден 34,3%-ға – 19,5 миллион литрге дейін азайды (алдыңғы жылы 29,7 млн литрі жасалған). Қызуы төмен ішімдіктер өндірісі жыл сайын ұлғайып келеді: сыра – 663,6 млн литрге дейін, шарап – 49,9 млн литрге дейін өсті. Сарапшылар бұл үрдіс екі құбылыстан хабар беретініне сенімді: біріншіден, қазақстандықтар бірте-бірте арақтан аулақтап, жеңілдеу алкогольге ауысып жатыр. Екіншіден, арақ өндірісі «көлеңкеге» кетуде. Energyprom мәліметінше, отандық өндірушілер арақ және ликер тектес ішімдіктер бойынша елдегі сұраныстың 77,7%-ын өздері өтеп отыр. Шарап секторында да жергілікті бизнес салмаққа ие: ішкі нарықтың 68,1%-ын иеленеді. «Қазақстандық мазмұн» әсіресе, сыра саласында жақсы дамыған: онда бұл көрсеткіш 91,3%-ға жетті.Төрге бастар төрт үлгі
Маскүнемдікпен күрес мақсатында мемлекет түрлі шараны қолға алды. Соның бірі – алкоголь өнімдерінің бағасын көтеру. Былтыр ішімдік тағы 8,6%-ға қымбаттады. Бәрінен көп арақ бағасы өсті: бір жылда 10,2%. Сыра бағасы – 8,5%, шарап бағасы 5%-ға жоғарылады. Бұдан бөлек, Үкіметтің жаңа шешіміне сәйкес, биыл спирт үлесі көп алкоголь өнімдері литрін 2 мың теңгеден арзан сатуға жол берілмейді. – 2019 жылы арақтарға және айрықша арақтарға, ликер-арақ бұйымдарына арналған ең төменгі бөлшек сауда бағасы 1 923 теңгені құрады. 2020 жылы ол 2 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл әкімшілік шығыстар, тасымалдау мен құрауыш өнімдер бағасының өсуі секілді кейбір үстеме шығындардың көбеюіне байланысты, – деп түсіндіреді бірінші вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов. Жалпы, әлемде алкоголизм мәселесін шешудің 4 озық үлгісі бар. Біріншісі – Қытай моделі. ҚХР азаматтары негізінен, спирт ішімдіктерін өте аз тұтынады. Соңғы бірнеше жыл бойы ішілген «ащы су» шың елінің әр тұрғынына шаққанда 50 миллилитрден ғана келеді. Қытай үлгісі арақ-шараптың жергілікті халық болмысына жат, ұлттық дәстүрлеріне қайшы екенін бала кезден санаға сіңіруге, яғни мықты тәрбиеге құрылған. Мұндай жолды Үндістан, Вьетнам, Тайланд, Корея, Непал, Шри-Ланка, Мьянма секілді елдер ұстанады. Екіншісі – араб моделі. Оларда адамды мас ететін кез келген өнімді тұтынуға шариғатта тыйым салынған. Спиртті ішімдік сатушыларға қатаң шара белгіленген, тіпті өлім жазасына кесіледі. Темекі шеккенге дүре соғылады. Нәтижесінде, араб мемлекеттерінде алкоголизм мен нашақорлық проблемасы жоқ деуге болады. Үшіншісі – Америка үлгісі. Әртүрлі фискалдық-салық шараларын қолдану арқасында АҚШ-та ішімдік ішу қалта қағады, ал алкоголь өнімдерін кең ауқымды өндіру және дүкенде сату – қаржылық-экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Штаттарда да «самогон» әзірлеушілер бар: moonshiners деп аталатын көлеңкелі өндірушілер қатаң қудаланады, оларға бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Алкоголь мен темекіге қатысты проблемалармен арнайы институт NIAAA айналысады. Бұл модель Канада, Мексика және Чилиде қолданылады. Төртіншісі – батыс Еуропа моделі. Оған сүйенген елдерде ішімдік ішуге қарсы қозғалыс кең жайылды. Осы үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет қуатты қолдайды. Жергілікті қауымдарға және өзін-өзі басқару органдарына тіпті спирт ішімдіктерінің бөлшек саудасына тыйым салу құқығы берілген. Алкоголь өнімдерінің саудасынан түскен табыстың бір бөлігі маскүнемдікпен күреске бағытталады. Қазақстан бұл күрес үлгілерінің бірімен ғана шектелмей, әрқайсысының бізге жарайтын, халқымыздың болмысы жатсынбайтын жақсы жақтарын алғаны жөн. Қалай болғанда, БҰҰ-ның өзі ондыққа енгізіп, дабыл қағып отырғанда, ел Үкіметінің бей-жай қала бергені әбестік.