КСРО vs Германия: Жекпе-жекте кім жеңер еді?

КСРО vs Германия: Жекпе-жекте кім жеңер еді?

Кеңес Одағы Екінші дүниежүзілік соғыста Германияны жеке-дара жеңді дегенді Батыс елдерінің ешқайсысы мойындамайды. Олардың ойынша, егер АҚШ көмектеспесе, фашистер КСРО-ны жермен-жексен етер еді. Бір ғана дерек: бұл соғыста Германия шамамен 7 млн, Кеңес Одағы 28 млн адамынан айырылды. Айырмасы жер мен көктей. Батыс тарихшылары КСРО-ны фашистердің талқандауынан Антигитлерлік коалиция (АҚШ, Ұлыбритания, Франция) құтқарып қалды деп санайды. Ағылшындар мен француздар 1939 жылы 3 қыркүйекте Германияға соғыс жариялады. Содан кейін немістер екі майданда қатар шайқасуға мәжбүр болды. Мәселен, Үшінші рейхтің орасан ресурсы тартылған Атлантика ұрысында одақтастар немістің 700-ден аса суасты қайықтарын жойған. Ал Британияны қорғаған ағылшындар 1700-дей неміс ұшағын атып түсірген. Оның үстіне, одақтастар армияға ауадай қажет Таяу Шығыс мұнайына немістерді жолатпады. Курск шайқасында одақтастар Сицилияға табан тіреп, Италия кампаниясын жүргізді. Бұл Гитлерге резервтерін Ресейге жеткізуге бөгет жасады. Антигитлерлік коалицияның авиациясы Германияның өнеркәсібі мен инфрақұрылымдарын қиратып отырды.  Сондай-ақ АҚШ-тың КСРО-ға көрсеткен материалдық көмегі де көп. Мұхиттың ар жағынан келген мыңдаған ұшақ, танк, джип, жеңіл автөкөлік, жүздеген әскери кеме Кеңес әскерінің әлеуетін көтерді. Осы орайда атақты маршал Жуковтың: «Олардың шикізаты болмағанда танк өндірісін тез арада жолға қоя алар ма едік?» деген сөзі ойға оралады. Америкада жасалған кеңестік «Аэрокобра» жойғыш ұшағы КСРО-ға жарылғыш зат, күкірт, оқ-дәрі жеткізген. Америкада құрастырылған «Валентайн» (Valentine) танкілеріне мінген Кеңес әскері София, Прага, Варшава қалаларын азат етті. Америкалық жүк көліктері кеңес артиллериясын тасымалдады. Аты аңызға айналған «Катюшаның» негізгі шассиі америкалық «Студебеккерлер» болды. Танк жасауда қолданылатын бронды материалды да одақтастар ұсынды. Соғыс жылдарында Кеңес Одағы 263 мың тонна алюминий өндірсе, шетелден 328 мың тонна алюминий әкелінген, яғни ұшақтардың жартысынан астамы америкалық және канадалық алюминийден құйылған. Соғыс жылдарында КСРО-да локомотив өндірісі тоқтап қалды. Есесіне, Америка 1 900 паровоз, 66 дизельді электровоз берді. АҚШ жөнелткен қарапайым вагондардың өзі Ресейде өндірілген вагондардан он есе артық еді. Жарылғыш заттардың 1/3 бөлігін одақтас елдер берген. Шетелдік көмектің арқасында кобальт өндірісі 2 есе, қалайы өндірісі 3 есе артқан. Америкалық бұқтырылған ет жүздеген мың жауынгерді аштықтан құтқарды. Қысқасы, Батыс елдері КСРО-ның біраз жыртығын жамады.                                                                                                                                                Еркебұлан НҰРЕКЕШ