Бес жыл ішінде қала мен ауыл халқы ауызсумен 100% қамтамасыз етілмек. Бұл туралы Үкімет басшысы хабарлады. Премьер Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орталықтандырылған су және кәріз жүйелеріне қатысты мәселелер қаралды.
Үкімет жетекшісі елдімекендерді сапалы ауызсумен жабдықтау мәселесінің маңызына екпін түсірді, өйткені бұл түйткілдің түйінін тарқату халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. «Қабылданып жатқан шаралар 2023 жылы халықты ауызсумен 100% қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Премьер-министр.
Бұл ретте Алматы және Қызылорда облыстары ауылдарды ауызсумен қамтудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізіпті. Ал Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстары әкімдіктеріне бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, ауылдарды сумен тұрақты түрде қамту шараларын күшейту тапсырылды.
«Әкімдіктер жұмысы нәтижесінің жаңа көрсеткішін белгілеу қажет, ол – халықтың таза ауызсуға қолжетімділігін қамтамасыз ету болады!» – деп нықтаған А.Мамин ауылдық, топтық су таратқыштарға қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында осы функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру мәселесін пысықтауды жүктеді.
Ол 2023 жылы ауыл-қаланы сумен жүз пайыз жабдықтау мақсатында өңірлік жоспарларға түзетулер енгізуді, барлық сумен қамту нысанын пайдалануға беру үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Отырыста қалаларда кәріздік-канализациялық тазарту нысандарын (КТН) салу және қолданыстағыларын жаңғырту жұмыстарын жеделдетуге жеке көңіл бөлінді. Осы нысандар жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Бірқатар халықаралық қаржы институттары мұндай жобаларды қаржыландыруға қызығушылық танытыпты. Премьер халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаржыландыру тетіктерін пысықтауды жүктеді.
– Азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, жайлылықты арттыру, қала немесе ауылдық жер екеніне қарамастан, халықты сапалы ауызсумен толық жабдықтау бойынша Елбасының Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қойған міндетін орындау қажет. Бізді Президент Қ.Тоқаевтың өңірлерге жұмыс сапарлары барысында беріліп жатқан қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету тапсырмаларын орындау бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұр, – деді Асқар Мамин.
Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша баяндаған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдің мәліметінше, Қазақстанда 18,4 миллион адамның 90,2 пайызы немесе 16,5 миллионы орталықтандырылған түрде құбырмен жеткізілетін суды тұтынады. Қалған екі миллиондай адам суды құдықтан алады, бұлақтар мен өзен-көлден тасып ішеді. Қалалардағы өмір сапасын арттыру үшін шаһарларда биыл осы көрсеткішті 97%-ға дейін, ал 2023 жылы 100%-ға дейін арттыру жоспарланған.
Ауылдарда жергілікті орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне ауылдықтардың 6,5 миллионы (84%-дан астамы) тартылған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылы бұл көрсеткішті 88%-ға, ал 2023 жылы 100%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
–Тұрғындарының саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауызсумен қамтамасыз ету үшін суды тазартатын «кешенді блок-модульдер» орнату көзделуде. Нәтижесінде, 1 333 ауыл осылайша сумен қамтылады. Ал тұрғындары 200 адамнан асатын 1 274 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылатын болады. Нәтижесінде, 2 607 ауылда тұратын 1,2 миллион адам санитарлық нормаларға сай келетін суға қол жеткізеді, – деп уәде етті Р.Скляр.
Биылғы сәуірде Қауіпсіздік кеңесінің экология мәселелеріне арналған отырысында Елбасы Н.Назарбаев қалалардағы кәріздік тазарту жүйелерін жаңғыртуды тапсырған болатын. Министр осы міндетті орындау үшін өз ведомствосы КТН салуға бюджеттен тыс қаражаттар тарту тетігін әзірлегенін жеткізді.
– Біз сарқынды суды тазарту нормативтерін еуропалық стандарттарға сәйкес келтіруді ұсынамыз. Сарапшылар пікірінше, бұл күрделі шығындарды 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Биогаз өндіру және лай-тұнбаны қайта өңдеу мүмкіндігі бар энергиялық тиімді технологиялар енгізіледі. Сонымен қатар МЖӘ жобаларын іске асыру кезінде тұрғындарға түсетін жүктемені азайту мақсатында тарифтерді субсидиялаған дұрыс. Бұл 3 жыл ішінде қалалардағы кәріз-тазарту жүйелерін толық жаңғыртып шығуға жол ашады, – деді Роман Скляр.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мембағдарламасы аясында топтық су құбырларын пайдалану, салу және реконструкциялау «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелгенін еске салды. Оның қарауында ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 33 топтық су құбыры бар.
«2011-2018 жылдары 1 035 шақырым желі салынып, 1 441 шақырым желі реконструкцияланды. Сөйтіп, 49 нысан іске қосылды. Соның арқасында жалпы саны 553 мың тұрғын өмір сүретін 268 ауылдық елдімекенді сумен жабдықтау жақсартылды. Жалпы алғанда, топтық су құбырларындағы желілердің тозу деңгейі 75%-дан 56%-ға дейін төмендетілді», – деді АШМ басшысы.
Оның дерегінше, бүгінде 2 281 шақырым желі реконструкциялауды талап етеді. Биыл топтық су құбырлары бойынша 12 жобаны жүзеге асыруға 14,6 миллиард теңге бөлініпті. Оның ішінде жыл соңына қарай 8 жобаны аяқтау жоспарлануда. Соның нәтижесінде, 1 185 шақырым желі жаңадан төселіп, реконструкцияланады, 126,8 адам тұратын 68 ауылға таза су келуге тиіс.
Бұған қоса, тапсырыс берушінің барлық топтық су құбырларын және кентішілік желілерді салу және реконструкциялау функциясы енді «Бірыңғай операторға» бекітіп берілмек. Сонда суды бастауынан ақырғы тұтынушыға дейін жеткізу ортасында өрген делдалдар жойылатын көрінеді. Әйтпесе, бұл делдалдар ауызсуды топтық су құбырларынан субсидияланған арзан тарифпен сатып алып, ізінше оны халыққа өз үстеме құндарымен сатып жүр.
Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев енді ауылдардағы кентішілік желілермен бірге, топтық су құбырларын төсеуге, қайта қалпына келтіруге және пайдалануға жауап беретін бірыңғай оператор «Қазсушар» РМК негізінде құрылатынын мәлім етті.
«Ол су бастауынан ақырғы тұтынушыға дейінгі қызметтерді бір өзі ұсынады. Осы арқылы сумен тәулік бойы және үздіксіз қамту жолға қойылады. Мысалы, қазір тарифтің субсидияланатын бөлігі елдімекеннің шекарасына дейін жұмыс істейді, ары қарай делдал пайда болады да, тұрғындарға өз құнын белгілейді. Енді делдалдар жойылып, оператор тұтынушыға бірыңғай тарифін орнатады», – деді вице-министр.
Атап өтер жайт, қазіргі уақытта Қазақстандағы 6 499 ауылдың тек 546-сы ғана «Қазсушар» РМК-сының топтық су құбырларынан ауызсу алуда. Қалған елдімекендер коммуналдық немесе жекеменшік түріндегі топтық және жергілікті сумен жабдықтау желілеріне тәуелді.