Тасқын су басқан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы азық-түлік қоймасына бүгінге дейін 408 тонна гуманитарлық көмек келіп түскен. Оның 96 тоннасы эвакуациялық бекеттердегі азаматтарға, жекелеген туыстарының үйінде жатқан тұрғындарға үлестіріліп берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Nut Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, төтенше жағдайлар бойынша гуманитарлық көмектерді үйлестіруші Бейсен Тәжібаевтың сөзінше, еліміздің барлық облыстарынан тасқын судан зардап шеккен азаматтарға көмек жеткізілуде.
Атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар облыстарынан түрлі қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық қорларынан және жекелеген кәсіпкерлерден гуманитарлық көмектер жеткізіліп жатыр. Оның ішінде азық-түлік, жеке бас гигиенасына арналған заттар және киім-кешектер де бар.
«Қазіргі таңда ауылдарын су басқан тұрғындарды уақытша орналастыру үшін Мақтаарал және Жетісай аудандарында 10 эвакуциялық бекет жұмыс істеп тұр. Мұнда 3700-ден астам адам орналасқан. Қоймаға жиналған тауарлар сұранысқа байланысты сол пункттердегі және туыстарының үйін паналап жатқан азаматтарға жүйеленген тәртіпте таратылуда», – дейді Бейсен Тәжібаев.
Гуманитарлық көмектің көптеп келуіне байланысты бір қойма тауарға толған. Қазіргі таңда екінші қойма белгіленіп, азық-түліктер сонда жинақталуда. Қоймаға жауапты , облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Төлебаевтың айтуынша, қазіргі жиналған гуманитарлық көмектер алдағы екі-үш айға жетуі тиіс. Пункттерден бөлек, жекелеген туыстарының үйінде жатқан тұрғындар үшін Атакент кентінде екі тарату орындары жұмыс істеуде. Олар N9 мектеп пен Комарова мектебінде орналасқан. Су басқан 5 ауыл тұрғындары осы жерге барып, үйлеріне азық-түлік алуына жағдай жасалған.