Жиынға еліміздің мемлекеттік органдарының басшылығы, соның ішінде Әділет министрі Марат Бекетаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова қатысты.
Комиссия мүшелері еліміздің ядролық және биологиялық қауіпсіздігін нығайту, жаппай қырып-жою қаруын таратпауды қамтамасыз ету үшін экспорттық бақылау жүйесін күшейту, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықпен өзара ықпалдасу мәселелерін де талқыға салды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдегендей, бүгінде, яғни әлем аумалы-төкпелі кезеңге кіріп, шешуші ойыншылар арасындағы қарым-қатынаста дағдарыс туындағандықтан, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау режиміне қауіп төніп тұр. Комиссия қызметінің өзектілігі елімізде бейбіт атомның дамуына байланысты да артады, – деп атап өтті сыртқы саяси ведомствосының басшысы.
Бұдан бөлек, отырыс барысында Қазақстандағы зерттеу реакторларының, МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің қызметін қамтамасыз етуге қатысты мәселелер, сонымен бірге осы орайда ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тиісті мамандарды даярлау қажетіне байланысты бой көтеретін мәселелер қаралды.
Комиссия отырысына қатысқан министрліктер мен ведомстволардың басшылары өткен кезеңде берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы хабардар етті.