Комиссияның негізгі міндеті – мемлекеттік диаспоралық саясатты қалыптастыруда және отандастарға қолдау көрсетуде атқарылатын шаралардың жүзеге асырылуына жан-жақты ықпал ету. Ал шеттегі қандастарымызға байланысты мемлекеттік саясаттың басты бағыттары – шеттегі қандастарымызды жан-жақты қолдау, Қазақстанға көшіп келген ағайындардың бейімделуіне көмек беру, мемлекеттік диаспоралық саясатты бағдарламалық және заңнамалық құжаттармен қамтамасыз ету.
Қоғамдық комиссия отырысын «Отандастар қорының» президенті Нұртай Әбіқаев кіріспе сөзімен ашты.
– Қоғамдық комиссия жұмысын бүкіл әлем қазақтарын тарихи және этникалық Отаны төңірегінде біріктіру идеологиясын негізге ала отырып, қазақ диаспорасына қатысты мемлекеттік саясатты қалыптастыруға бағыттайтынына сенімдімін. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Баршаңызды оларды шешу жолында бірлесіп қызмет атқаруға шақырамын, – деді ол.
Басқосуда «Отандастар қорының» негізгі қызметі мен жобалары, сондай-ақ комиссияның ұйымдастырушылық шаралары талқыланды. Комиссия құрамының мүшелері Түркітану және Алтай ғылыми-зерттеу орталығының директоры С.Қаржаубай, Парламент Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы, Мәжіліс депутаты Б.Мамыраев, Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы С.Ақылбай, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұ.Есдәулет, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы А.Шораев, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұлов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі және басқа да қоғам белсенділері қоғамдық комиссияның төрағалығына ұсынылған Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлын бірауыздан қолдады.
Жиында «Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі Мағауия Сарбасов қор қызметінің негізгі бағыттары туралы айтты. Ол сондай-ақ қордың келешектегі мақсат-міндеттерін таныстырып, ұйым қызметінің жалпы ұстанымы мен жоба-жоспарларына қысқаша тоқталды.
Отырысқа қатысушылар қордың негізгі міндеттеріне қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Шара соңында қоғамдық комиссияның 2019 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды.