Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық штабы аймақтарға сапарын Шығыс Қазақстан облысында жалғастырды. Штаб өкілдері Өскемен қаласының жұртшылығымен кездесу өткізді. Облыстық драма театрына жиналған 500-ден аса адаммен Елбасы ұсынған кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын талқылады.
Аймақтағы басты мәселенің бірі – экология. Бұл – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін өте өзекті проблема. Өскеменде атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар әлі күнге өткір проблема болып отыр. Оның үстіне, Семей ядролық полигонында жүргізілген сынақтардан ең көп зардап шеккен де – осы аймақ.
Штаб басшысы Мәулен Әшімбаев бастаған республикалық қоғамдық штаб өкілдері еліміздің ірі өнеркәсіп пен түсті металлургия мекенінде жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Олар шығысқазақстандықтарға Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.
Штаб жетекшісі Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында экологияны жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Себебі, Қазақстан халқының денсаулығы әрқашан да бірінші орында.
– Осыған қатысты жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экологиялық заңнамаларды жетілдіріп, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру көзделген. Сонымен қатар осындай проблемасы бар әр өңірде экологиялық ахуалды жақсарту бойынша жұртшылықпен бірлесіп, кешенді жоспар әзірленеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламасында қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығаратын барлық ірі кәсіпорындар қалдықтарды азайтуды және тазартудың жаңа технологияларын енгізуі үшін нақты жоспар әзірлеуді міндеттейміз деп көрсетіп отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айдана БЕГІМ