«Бұл ауыл маған өте ыстық. Мұнда Қабанбай батыр кесенесін салуға, ауылдың атын беруге қатысты көптеген игі істердің басы-қасында жүрдім. Бүгін барлығыңыз жиналып отырсыздар. Ауылдағы он мыңға жуық тұрғынның барлығымен кездесе алмасақ та, сіздер арқылы сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыттары жетеді деп сенемін. Алдымен, осы кездесуге қатысып отырған ұстаздар, болашағымыздың тұтқасы саналатын жас ұрпақ тәрбиесі сіздердің қолдарыңызда. Жас буынның ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсіруіне игі ықпал етесіздер. Менің бағдарламамның өзегі – тіл, жер және ар-намыс мәселесі. Бұл төрт тұғырды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ана тіліміздің мәртебесін биіктету үшін әр кездесуімді мемлекеттік тілде жүргізіп келемін. Сайлауалды бағдарламамның ең басында да осы мәселе басты орында тұр», – деді кандидат, қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел.
Кандидаттың сенімді өкілдері Базаргүл Үмбетова, Бақыт Мұхамедрахимова, Күләш Молдахметова сөз алып, Сәдібек Түгелді кандидат етіп ұсынған «Ұлы дала қырандары» РҚБ еліміз бойынша ұлттық құндылықтар мен ұлттық спорт түрлерін насихаттап отырған жалғыз ұйым екенін, халықаралық спорт бәсекелерінде ел намысын қорғап, қазақтың атын әлемге танытқан ұлттық ат спорты түрлерінің бастауында ұлт жанашыры Сәдібек Түгелдің тұрғанын жеткізді.
Кездесуде көпбалалы ана Дариға Үзденбаева: «Үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасындағы жас ұрпақты қоғам болып тәрбиелеу, спортты жандарына серік ету, алғаш босанған аналарға 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек беріп, оны әр бала туған сайын сатылы түрде көбейту мәселесі көңілімнен шықты», – деді.
Кездесуден соң, Сәдібек Түгел және оның сенімді өкілдері Қабанбай батыр кесенесіне және оның жанында орналасқан пантеонда болып, ел қорғаған батыр бабамыз бен осында жерленген тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетуге атсалысқан тұлғаларға дұға бағыштады.
Айдана БЕГІМ