Ғылым өкілдерімен кездесті
Ғылым өкілдерімен кездесті
285
оқылды

«Ауыл» партиясынан президенттікке түсіп жатқан Төлеутай Рақымбеков Алматы облысына сапары барысында жуырда ашылған агропарк пен салаға қызмет ететін авиация өкілдерімен кездесті.

Қарасай ауданы, Көлді ауылында 2008 жылы еліміздегі ең алғашқы ауыл шаруашылығы бойынша білім тарату орталығы ашылған еді. Содан бері жергілікті шаруалар салаға қатысты бастамаларымен осында танысады. Кейін іске асырып, өнімін еселегендер де бар. Кейде керісінше, шаруалар өз мәселесін айтып, мамандар оның шешімін іздеп жатады. Төлеутай Рақымбеков енді осындай меке­мелерді еліміздің барлық аудан орта­лығында ашу керегін айтады.

Ал «Оңтүстік» агропаркі өткен жылы ғана жұмысын бастады. Ол алдыңғы білім тарату орталығының тәжірибе алаңы десе де болады. Арнайы аумаққа отандық мамандар ойлап тапқан ондаған тұқым егіліп, нәтижесі шаруаларға таныстырылып жатыр. Үміткер Төлеутай Рақымбеков осындай кешенді шаралар арқылы ғана саланың дамуына тың серпін беріп, әлемдегі аграрлы елдермен бәсекелес бола аламыз дейді.

Бұған қоса, үміткер арнайы ұшаққа отырып, авиацияның саладағы маңызы туралы да айтып берді. Әсіресе, мыңдаған гектар аумақты бақылауда ұстап, қажетті шаралар қолдану үшін осындай техника, ал шағын егіс алқаптарына дронды пайдалану қажет деді. Жалпы заманауи жабдықтардан қашпау керек. Оны қол­данғаннан шаруаның ұтары көп екенін алға тартты.

Кандидат Алматыдағы аграрлық ғылым өкілдерімен кездесті. Мәселен, кандидат барған Алматыдағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты жердің беткі қабатын зерделеп, оның құнарлылығын арттыру технологиясын әзірлейді. Мұнда әлемде теңдесі жоқ бастамалар да бар. Ал Төлеутай Рақымбеков осындай ғылыми мекемелерге қолдауды аямау керегі жайында үнемі айтады.

Ғылым саласының өкілдерімен кездесу барысында салаға жас мамандарды тарту, жұмыссыздықпен күрес және жемқорлықты жою мәселелері де сөз болды. Төлеутай Рақымбековтің өңірге сапары ертең де жалғасады.


Айдана БЕГІМ