Қазақстан коммунистік халық партиясының атынан Қазақстан президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбеков Өскемендегі экономика және қаржы колледжінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттерімен кездесті.
Жамбыл Ахметбеков Қазақстан коммунистік халық партиясы ҚР Парламенті Мәжілісінен орын алып отырған саяси ұйым екенін және мемлекеттік деңгейде халық мүддесін қорғайтынын айтты. Бұдан кейін спикер сайлауалды тұғырнаманың басым бағыттарын таныстырып, тұғырнама коммунистік идеология ұстанымдарынан бастау алатынын тілге тиек етті.
Кандидат Жамбыл Ахметбеков аталмыш партияның агроөнеркәсіп кешені өнімдеріне тұтынушылық сұранысты арттырумен бірге кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдау, оны іске асыру және отандық тауарға сұранысты арттыруды бірнеше рет ұсынғанын және оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейтінін атап өтті. Кездесу соңында спикер сайлаушыларды 9 маусым күні өтетін кезектен тыс президент сайлауында белсене қатысып, лайықты үміткерге дауыс беруге шақырды.
Айта кетейік, экономика және қаржы колледжі – Өскемен, облыс және республикадағы ең көне оқу орындарының бірі саналады. Колледж 1943 жылы кооперативтік техникум ретінде негізі құрылды. 1995 жылы кооперативтік колледж, 1998 жылы есеп-сауда колледжі, ал 2001 жылдың желтоқсанынан бастап Өскемен экономика және қаржы колледжі атанды. Іргесі қаланған жылдан бері колледж Шығыс Қазақстан облысы мен республиканың кәсіпорындары, ұйымдары мен мекемелеріне арнап 18,5 мыңнан астам маман даярлап шығарды.
Айдана БЕГІМ