Тағылымды тәжірибе ұрпақ сабақтастығы үшін...
Тағылымды тәжірибе ұрпақ сабақтастығы үшін...
202
оқылды
Дана халқымызда «шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ» дейтін ұлағатты тәмсіл бар. Көпке ортақ дүние айтылып не жазылып қалуы – заңды құбылыс. Белгілі орыс жазушысы Иван Буниннің «Арсеньевтің өмірі» романындағы пролог та «көргенің мен көкейдегің хатқа түспесе, көң басып кебініңмен бірге кетеді, жазылып қалса – жан азығы» деп басталады. Ал, сол осы сәтке дейінгі ғұмырыңызда білгеніңіз бен көргеніңіз, түйгеніңіз бен ұғынғаныңыз айтылмай қалса, естияр көрермен бойыңызда қызғаныш пен іштарлықтың табы бар деп ойлауы бек мүмкін. Бұны айтып отырған себебіміз де негізсіз емес. Жақында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану факультетінің 10 жылдығы мен Қазақ Радиосының 100 жылдығына орай қашықтан оқыту негізінде шеберлік сабақтары болып өтті. Аптаға созылған аталмыш шеберлік сабақтарында журналистика саласының білгірлері мен үздіктері дәріс оқыды. Соның ішінде Базаргүл Үмбетова, Мақат Садық, Ернұр Бурахан, Қыдырбек Рысбекұлы, Жүсіп Хисымов, Дина Ысқақова, Амангелді Сейітхан сынды радио журналистиканың, спорт журналистикасының ардагері мен майталманы атанған журналистерден онлайн түрде болса да, дәрісін тыңдап, сұрақ қою арқылы тәжірибе алмасу студенттер қауымы үшін үлкен мәртебе болғаны жасырын емес. Сонымен қатар, таңдап алынған тақырыптардың да ауқымы кең болды. Мәселен, «Радиодағы авторлық бағдарлама табиғаты», «Радио және деректі фильм», «Әуе толқынында ғасыр радиосы...», «Спорт шежірешісі», «Қисыны күшті Хисымов», «Спорт журналистикасындағы PR», «Әуе толқынында спорт жаңалықтары» секілді тақырыптарды қамтыған дәрістерде журналистер білгендерін үйретіп, көргендерін айтып, студент шақтарындағы аяулы естеліктерімен де бөлісіп жатты. Тәжірибе – ұрпақ сабақтастығы үшін де, ұлт тұтастығы үшін де өте қажет дүние. Осыған орай ұйымдастырылған шеберлік сыныбында өз ісінің білгір журналистері онлайн-дәріс өткізді. Дәріс барысында радиожурналистика саласында 11 жыл бойы «Мен қазақпын» радиожобасын дайындап, 30 мыңнан астам хабар әзірлеген Базаргүл Сейітжанқызы болашақ тілшілерге авторлық бағдарламаға қойылатын талаптарды түсіндіріп, мақсатты аудиторияға қатысты ой-пікірін ортаға салды. Дәуір үні, қасиетті қара шаңырақ Қазақ радиосындағы өзінің авторлық бағдарламасы отаншылдық, атамекен, ұлттық мүдде, тіл мен діл тақырыптарын қамти отырып, өміршеңдігімен бүгінге дейін тыңдарманның есінде қалып отырғанын да жасырмады. Оның айтуынша, авторлық бағдарламаға қойылатын талаптарда: мақсатты аудиторияның болуы, негізгі тақырыптарды айқындап алу, қандай мамандарды эфирге шақыру керектігін ескеру, формат пен форма арқылы ерекшелене білу, ұжымдық қызметті үйлестіру, эфир мәдениетін сақтау, мәтінге мән беру, сөздің мағынасын біліп айту секілді дүниелер маңызды екенін «соқырға таяқ ұстатқандай» тәптіштеп, бар ынты-шынтысымен түсіндіріп бақты. Әрі қарай онлайн-дәрісті Қазақ радиоларының басшысы Ернұр Бурахан жалғастырып, радионың өткені мен бүгініне тоқталды. Радиодағы қазіргі тың жобалар туралы, радионың қоғамдағы рөлі мен маңызы, бүгінгі таңдағы қажеттілігі, алдағы уақытта жүзеге аспақ жоспарлар: сайт жаңарту, мобилдік бағдарлама енгізу туралы ақжолтай жаңалықтарымен де бөлісті. Белгілі спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбекұлы өзінің онлайн-дәрісінде қазіргі жастардың спорт тақырыбына ерекше ден қойып жүргенін, алайда, елге еңбегі сіңген, нар тұлғалы спортшылар туралы, олардың өмір жолындағы кездескен қиындықтар мен қуанышты сәттері туралы, жеңіс жолы хақында қазақша кітаптардың жоқтығын тілге тиек етіп, журналистік ғұмырындағы атқарған еңбегі туралы да сөз етті. Шынымен де, спорт тақырыбындағы кітаптардың болмауы қазіргі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Осы тұрғыдан спорт жанашыры, танымал спорт журналисті Қыдырбек Рысбекұлы өз сөзін Мәдениет және Спорт министрлігінің назарына жеткізгенді жөн санап отыр. Қазақ радиосында аға редактор, «Спорт» газетінің Батыс өңіріндегі меншікті тілшісі және бас редактордың бірінші орынбасары секілді бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған журналист Жүсіп Хисымов та спорт комментаторына қойылатын талаптар мен міндеттерді атап, спорт журналистерінің жиі жіберетін қателіктерін айтып, сұрақ қою мәдениетіне ерекше тоқталып, журналист болудың қиын да қызықты екенін өз тәжірибесі арқылы дәлелдей түсті. Жүсіп ағамыздың «сұрақ қою» мәдениетіне тоқталуы да өте маңызды жайт. Қазіргі жас журналистердің спортшылардың шаршап-шалдығып келгеніне қарамай, сұрақтарын қарша боратып жататыныны өтірік емес. Оның айтуынша, сауатты қойылған екі-үш сұрақпен-ақ спортшының ойын біліп алуға, көрермен көкейіндегі маңызды сауалдардың жауабын алуға болады екен. Дәріс барысында Жүсіп ағамыз студенттерге сұрақтар қойып, жауабын тапқан студенттерге «Футболдан әлем чемпионатының шежірешісі», «Білгенге маржан» кітаптарын сыйға тартты. Әрине, алдағы уақытта карантин режимі аяқталған соң, жеңімпаз студенттерге өзінің кітаптары жолданатын болады. Содан кейін онлайн-дәрісті жалғастырған белгілі қаламгер, тележурналистиканың тәжірибелі маманы, бірнеше деректі фильмдердің авторы Мақат Садық жас журналистерге білім мен ізденістің үнемі қажет екенін айта отырып, ұлт мақтаныштары Міржақып Дулатұлы, Бауыржан Момышұлы  туралы дайындаған деректі фильмдердің композициялық құрылымы мен көркемдік бейнесі жайында сөз қозғап, алдағы уақытта жас мамандардың кино саласына да бет бұруын қалайтынын жасырмады. Қазіргі уақытта әлем бойынша орын алып отырған пандемия кезінде радионың орны ерекше екенін,  БАҚ саласындағы радионың маңыздылығын да дәріс барысында тілге тиек еттті. Ал, спорт журналисті Дина Ысқақова спорт саласындағы PR мамандығы, оның бүгінгі мән-маңызы мен рөлі жөнінде айта отырып, төрткүл дүние көз тіккен жаһандық жарыстарда өткерген қызықты сәттерімен бөлісті. Табысты пиардың негізгі жеті қадамы: ең алдымен, пиардың «не үшін?» екенін біліп алу; Target Audience; аудиторияның мінез-құлқы; қайда бағытталғанын анықтау; контент стратегиясы; бюджет және жоспар екенін атап өтті. Көрермен қауымға етене таныс спорт журналисті, спорт комментаторы Амангелді Сейітхан да бар білгенімен бөлісіп, студенттердің қойған сауалдарына жауап беріп жатты. Өз қатарластарының арасынан оқ бойы озық шыққан тұлғаларды атап, кез келген өнердің, кез келген мамандықтың өзінің көтерген жүгі бар екендігін, үлкен мен кіші арасындағы сыйластықтың, бірліктің сақталуын қалайтынын айтып, онлайн-дәрістің соңғы сабағын көңілді нотада аяқтады. Міне, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Журналистика және саясаттану факультетінің ашылғанына 10 жыл және Қазақ Радиосының 100 жыл толуына орай өткізілген онлайн-дәрістердің ұзын-ырғасы осылай өтті. Бүгінгі күнге дейін Намазалы Омашев, Қайрат Сақ сынды белгілі профессор ғалымдардың басшылығымен 1000-ға жуық түлектерді ұядан ұшырған аталмыш факультет биыл республикада алғаш рет спорт журналистикасының білім бағдарламасын әзірледі. Сондай-ақ, кафедра меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы  болашақта «ҚАЗАҚ  РАДИОЛАРЫ» ЖШС мен  Журналистика және саясаттану факультеті бірлесе  отырып, ортақ бағдарламалар  ашуды  көздейтінін, алдағы уақыттарда тәжірибелік дәрістер арнайы аудиторияда өткізілетінін, ұрпақ сабақтастығын көксейтін шаралар әлі де жалғаса беретінін айтып өтті. Себебі, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге» жетелейтін кез келген тағылымды дәріс – жас ұрпақ үшін құнды қазына.

Алтынбек Мерсадық