Облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Мұхтар Өтесов жүргізген кездесуге келгендерге кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сондай-ақ «Ұлттық құндылықтарды дамыту және ұлттық дәстүрлерді қолдау» тақырыбы бойынша лекция оқыды.
Үміткер Әміржан Қосановтың Шығыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын бақылаушылар үшін семинар өткізілді. Іс-шараның модераторы және тренері Дос Көшім бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде болуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттері жайлы түсіндірді.
Дос Көшім әуелі сайлау бақылаушысына қатысты бірқатар маңызды заңдылықтарға тоқталды. Сайлау барысын бақылаудың басты мақсаты – дауыс берудің әділ де адал өтуіне атсалысу. Бақылаушылар дауыс беру процесін жүзеге асыратын сайлау комиссияларының әдейі жасаған не білмегендіктен жіберген қателіктеріне дер кезінде тосқауыл қойып, азаматтардың саяси өмірге қатысу құқының сақталуын қамтамасыз етеді.
«Сайлау барысын бақылау – қоғамдағы сайлауға деген сенімді арттыруға, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, сайлауды өткізу кезінде көзге түскен заңбұзушылық деректерін нақтылауға, сайлауды бағалауға, келешекте сайлау туралы заңнаманы жақсартуға қажетті ақпарат беруге бағытталады», – деді ол.
Оның айтуынша, бақылаушыға сайлау барысына және сайлау комиссиясының жұмысына килігуге, сайлаушыларға, олардың дауыс беруіне (бюллетень толтыруына) көмектесуге, дауыс беру кабиналарының ішіндегі сайлаушылардың әрекеттерін бақылауға, дауыс беру құпиялығын бұзуы мүмкін басқа да әрекеттерге тыйым салынады.
Сонымен қатар ол Семей қаласының жергілікті тұрғындарымен кездесті.
Айдана БЕГІМ