Алматы облысы Текелі қаласында 3 жасар бала ағысы қатты Қора өзеніне ағып кеткен. Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев 3 жасар баланы өзен жағасында отырған азамат құтқарып қалғанын айтады.
Әкімнің айтуынша, ағысы қатты Қора өзенінде ағып бара жатқан кішкентай баланы көрген бейтаныс адам бірден көмекке ұмтылған. Ол өзенге секіріп, ағыспен арпалысқан баланы құтқарып алды. 3 жастағы бала өзенге байқаусызда құлап кеткен. Қазір Ниса есімді кішкентайдың денсаулығы жақсы.
Әкім Бақтияр Өнербаев Facebook-тағы парақшасында: «Ағысы қатты Қора өзенінен баланы Дәурен Жарқынбеков атты азамат құтқарып қалды. Ерлік – білекте емес, жүректе дегендей су жағасында досымен отырған Дәурен ағып бара жатқан сәбиді көргенде, ойланбастан өзенге секіріп түсіп, 3 жасар Нисаны жағаға алып шыққан. 2001 жылғы Дәуреннің әрекеті – үлкен ерлік. Ол – бейбіт күннің батыры. Балаға – жаңа ғұмыр, ата-анаға – қуаныш сыйлаған Дәуреннің ерлігі – баршаға үлгі. Елі мақтанар еріміз аман болсын!», – деп жазды.