Пандемия салдарынан АҚШ экономикасы тоқырап, көптеген кәсіпорын жабылды, – деп жазады 24.kz.
Сол себепті, елдегі жұмыссыздар саны 33,5 миллионға жетті. Алайда, мамыр айында да жұмыссыздық деңгейінің әлі өсетін түрі бар. АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі – 14.7%. Алайда, бұл дәл көрсеткіш емес. Біріншіден, ол 17 сәуірге дейінгі статистикалық мәліметке негізделген. Ал сол кезден бері елде тағы да 7 миллиондай жұмыс орны қысқарды. Сонымен қатар бұл көрсеткіш белгісіз бір себептермен жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға тіркелмеген және жартылай жұмыспен қамтылған адамдарды ескермейді. Ал, олардың саны 15 миллионға дейін жетуі мүмкін. Яғни, АҚШ-тағы нақты жұмыссыздық деңгейі 25% құрауы ықтимал.
АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучин: «Экономикамызды қазір ашпасақ, бұл Америкаға нұқсан келтіреді. Біз жақсы ойластырылған жоспармен бұл шараға барамыз. Адамдар әлеуметтік арақашықтықты сақтап, жұмыстарына қауіпсіз оралуы үшін. Көптеген компаниялар қашықтан жұмыс істей алатынын көріп тұрмыз. Олардың бәрі бір мезгілде кеңселеріне оралмауы тиіс», – деді.
АҚШ-та 33,5 миллион адам жұмыссыз қалды. Індеттен қонақ үйлер мен туризм, ағарту және медицина салалары ең ауыр зардап шеккен. Сондай-ақ қызмет көрсету мен сауда және өндіріс саласы да тоқырап қалды. Зауыттар мен фабрикалар тоқтап тұр. Ауыл шаруашылығы да көп шығынға ұшырайтын түрі бар. Қазір бұл салада 22 миллион адам жұмыс істейді.
АҚШ-та экономиканың ашылуы кезінде әлеуметтік ара қашықтық мен өзге шаралар мұқият сақталмаса, індеттің екінші толқыны басталуы мүмкін. Ал бұған АҚШ экономикасы төзбеуі де мүмкін.