Жамбыл облысы – қай кезде де өзінің өндірістік әлеуетімен танылған өлке. Аймақта жылда жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік салаға серпін беруде. Сондай-ақ өңірге инвестиция құюға ниетті инвесторлардың да қатары қалың. Алайда кейбір жобалардың жұмысы жүрмей «жансақтау» бөлімінде жатқаны жанға батады.
Жеті жылда бір зауыт
Жеті жылдан бері «бауын тапса, байлауын таппай» келе жатқан ірі жобаның бірі – Шу ауданындағы «Тараз химиялық паркі». Арнайы экономикалық аймақты құру жобасын сонау 2013 жылы сол кездегі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Ердебай Үкімет отырысында таныстырған болатын. Ол 2020 жылға дейін 180 миллиард инвестицияға экономикалық аймақтан 20 кәсіпорын бой көтереді деп мәлімдеген. Сол жылы бірінші кезең шеңберінде натрий цианидін, күйдіргіш сода, хлор, хлорлы фосфор, глифосат өндіру бойынша 4 жоба жүзеге асатынын айтқан еді. Алайда кейін «көрпемізге қарай көсілейік» деді ме, салынатын кәсіпорындар саны 16-ға қысқартылды. Десе де, осы өндіріс орындарының өзі ТМД аумағында теңдессіз деп танылады деп күтілген. Жобаны «Біріккен химиялық компания» ЖШС қолға алып, отандық инновация мен ғылыми-техникалық ізденістердің арқасында тиімділігі аса жоғары 7 өнім түрін шығаруы керек болатын. Атап айтсақ, каустикалық сода мен хлор, үштекті фосфор, натрийдің құрғақ бутилдық ксантогенаты, майлау-салқындату сұйықтығы және коррозия ингибиторы, пестицидтер мен агрохимиялық өнімдер, тереңдетіліп өңделген табиғи газ өндірісі мен сутегі пероксидін өндіру арқылы кәсіпорындар жылына шамамен 226 487 тоннаға дейін химиялық өнім шығарады деп көзделген. Ал одан 86 миллиард теңгеге дейін табыс келеді деп күтілген. Ал ең көп сұранысқа ие глифосат өнімі «Тараз химиялық паркінің» бренді болуы тиіс еді. Алайда арада 7 жыл өтсе де, жобаның жүрісі «жүгі жеңіл есектің» керін келтіруде. Мұны Шу ауданына жұмыс сапарымен барған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та баса айтты. – Арнайы экономикалық аймақ құрылғаннан бастап жеті жыл ішінде бір ғана өндіріс орны іске қосылған. Сіздер түрлі мәселелерді алға тартып, жергілікті биліктен көмек сұрап отырсыздар. Алайда жеті жылда жасалған тірліктеріңіз көрінбейді. Ең алдымен, өз міндеттеріңізді ойдағыдай атқаруларыңыз керек. Содан кейін ғана көмек сұрауларыңыз қажет. Әйтпесе, жеті жыл жамбастап жатып алып, енді «анау болды, мынау болды» деген болмайды, – деген Бердібек Мәшбекұлы экономикалық аймаққа жауапты серіктес компаниялардың «қалқып» отырған тірліктерін қатаң сынға алды. Әрине, Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына жақында келген әкім болғанымен, Үкімет үйінде отырғанда «Тараз химиялық паркіне» қатысты мәселелерге әбден қаныққаны анық. Сондықтан әкім мұндағы жағдайды толық біліп келді десек те болады. Негізі, 505 гектар аумақты алып жатқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында қазіргі таңда бір зауыт іске қосылып отыр. Яғни, «ХИМ-плюс» ЖШС 1,7 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Алдағы уақытта сомасы 631,9 миллиард теңге болатын тағы алты жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ мұнда жобалық құны 99 миллиард теңге болатын, жылына 150 мың тонна қант шығаратын қант зауытының құрылысы да басталмақ. Бір сөзбен айтқанда, кеш те болса құрылыстың бойына қан жүгіретін секілді. Жоба жанданғаннан бері Жамбыл облысында үш әкім ауысып үлгерді. Барлығы да «Тараз химиялық паркіне» тың көзқараспен келіп, өндірістің өрісін өзгертуге тырысты. Алайда оның нәтижесі бүгін көрініп тұр. Сондықтан Бердібек Мәшбекұлына жаңалық жасамай-ақ, жеті жыл бұрын жоспарланған жобаны соңына дейін жеткізіп берсе, бұқараның да, Үкіметтің де алғысы шексіз болатыны анық.Өнім бар, өткізетін жер жоқ
Жүрісі жүдеу кәсіпорынның тағы бірі – Талас ауданындағы Talas Investment Company өндіріс орны. Елімізде баламасы жоқ деп есептелген жобаның құрылысы 2014 жылы қолға алынған болатын. Жобалық құны 22,6 миллиард теңге болатын инфрақұрылым жүргізуге мемлекет тарапынан 1 миллиард 469 миллион теңге бөлінген кәсіпорын жылына 15 мың, айына 1 250 тонна натрий цианидін өндіреді деп күтілген еді. Тіпті, телекөпір арқылы таныстырылған өндіріс орнын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік таңындағы елімізде баламасы жоқ кәсіпорын» деп бағалаған-ды. Алайда содан бері 6 жыл өтсе де, зауыт қуатты күшіне бір шықпады. Бірақ бұған компанияның басқарушы директоры Бахтияр Алдашов кінәлі емес екенін айтады. – Біз 15 мың тонна өнімді бірден шығарып тастасақ, ертең оны өткізетін жер болмай қалады. Сондықтан біз тапсырыс берушіге қарай өнім өндірудеміз. Негізгі тұтынушыларымыз Тәжікстан, Қырғыз Республикасымен қатар, өзіміздің отандық өндіріс орындары саналады. Алайда шығыстағы алтын өндіретін зауыттар натрий цианидін Қытайдан алса, солтүстіктегілер Ресей мемлекетіне тапсырыс бергенді тиімді көреді. Себебі жеткізу құнымен біздің өнімдер қымбат түсуде.Кеше ашылды, бүгін жабылды
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев біліп отырған тағы бір жоба – «Оңтүстік халал тағамдары» ет комбинаты. Жобалық құны 2,5 миллиард теңгені құраған өндіріс орны жылына 5 000 тонна ет өндіреді деп күтілген. Сондай-ақ 153 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс еді. Алайда қазір Жамбыл ауданындағы зауыт қаңырап бос тұр. Оған жуырда аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі көз жеткізіп келді. Кәсіпорын ашылғаннан бері бар-жоғы 20 тонна етті Иран мемлекетіне экспортталған. Алайда АҚШ-тың Иран Ислам Республикасына салған санкцияларынан кейін мұндағы жұмыс тоқтаған. Зауытты аралау барысында өңір басшысы «бұл қол қусырып қарап отыратын жағдай емес» екенін айтып, тығырықтан шығудың өзге жолдарын қарастыруды кәсіпорын басшылығына тапсырды. Бірақ серіктестік басшысы өндірісті өрістетудің жолын білсе, бұл күнге дейін қарап отырмайтын еді ғой. Сондықтан Бердібек Мәшбекұлына зауыттың тірлігін тіктеудің тетігін өзі ұсынуы керек сияқты.Дәрі өндірісінің де діңкесі құрып тұр
Шу ауданындағы «ҚазМия» ЖШС 2016 жылдан бері қуатты күшіне шыға алмай келеді. Ақсу ауылдық округінде мия тамырын өңдейтін зауыт Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне орай бар салтанатымен ашылған болатын. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, Cokey Sustems Co. Ltd АҚ басқарма төрағасы, жапондық инвестор Ешида Наомаса, «ҚазМия» ЖШС басшысы Олжас Әбдешов және Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулет жоба жемісті болатынына сендірген.Балықты қайдан аулаймыз?
Жобалық құны 5 миллиард теңгеден асқан «Хантау» цемент зауыты екі жыл бұрынғы айқай-шудан кейін қазір тоқтап тұр дегеннің өзінде, кәсіпорын жұмысшыларына қарыз болған 505 миллион теңгенің қаншасын қайтарды және жұмысын қашан қайта жандандырады деген мәселелерді ауданға барып тұрғаннан кейін облыс әкімі бір зерделемеді ме? Жүз рет естігенше, бір рет барып көріп, цемент зауытының тынысымен неге таныспады? Әлде жоғарыда айтылған Шу ауданындағыдай Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдар-ламасы аясында салынған өндіріс орнының «келешегі жоқ» деп облыс әкімі кесімін шығарып қойды ма? Екінші алып өндіріс орны – «Мыңарал» цемент зауыты. Аталған зауытта коронавирус індетін жұқтырған бір жұмысшы тіркелгеннен кейін өндіріс орны карантинге жабылғаны белгілі. Сондықтан өңір басшысы бұл кәсіпорынға ат ізін салмағанын түсінуге болады. Алайда дәл сол Мыңарал ауылындағы балық зауытына неге бармады екен? Жобалық құны 600 миллион теңгені құраған зауыт жылына 1,5 мың тонна балық өнімдерін шығаруға қауқарлы. Алайда 2014 жылдан бері қуатты күшіне бір шыға алмай келеді. Оған себеп – шикізаттың тапшылығы. Кәсіпорын дәл Балқаш көлінің қасында орналасса да, су айдындары жекеменшік қолдарға өтіп кеткендіктен, балықшылар қайдан балық аулайтындарын білмей отыр. Міне, осы күрмеуі қиын түйткілді облыс әкімі Мойынқұм ауданына барғанда неге көрмеді екен, әлде көрсетпеді ме? Аймақ басшысына «Ақбақай» алтын өндіру фабрикасына да міндетті түрде бару керек. Себебі бір кездері даңқы жер жарған өндіріс орнының күн өткен сайын үні өшіп барады. Түйін:Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда қазір Жамбыл облысының кәсіпкерлік саласын сүзгіден бір өткізіп жіберсе, «жансақтауда» жатқан жобаларды «табуға» болады. Бұны сала мамандары да жоққа шығара алмас. Әлемдік пандемияға дейінгі өндірістің әлеуеті осындай болса, карантиннен кейінгі күнді елестету, тіпті қорқынышты. Бұдан бөлек, қазір «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына қатысты да көп әңгіме айтылуда. Облыс әкімі барған жерінің бәрінде төрт түлікті басқа өңірлерден сатып алу туралы айтқанымен, «карантин кезінде малды қалай сырттан тасимыз?» деп шағымданған ауыл әкімдерінің үні де құлағымызға жетті. Нәтижесінде, бірінші кезең қаржысының өзін игеру қиынға соғып жатқанын жуырда аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі мойындады. Бәлкім, төтенше жағдайдан кейін халық қалыпты тіршілігіне қайта көшіп, көп нәрсе ретке келетін шығар. Алайда жамбылдық жобаларға келгенде, ақ парақтағы ақпаратқа «мақұлмен» қарамай, нақты фактілерді ақылға салған жөн болар...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы