Коронавирус инфекциясы белең алып, елде төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап дәрігерлермен қоса күштік құрылымдарға да ауыр жүк артылып, қызметіне біршама өзгеріс енгізілді. Соның бірі әскери азаматтарға қатысты. 24 наурызда азаматтарды көктемгі әскерге шақыру және өткен жылы көктемде шақырылған азаматтарды әскери қызметтен босату тоқтатылған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мерзімді әскери қызметке шақыру уақыты 2020 жылдың маусымынан тамызына ауыстырылды. Ал күзгі әскери қызметке шақыру мерзімі өзгеріссіз қалды. Президент Жарлығында: «Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер-азаматтар 2020 жылдың наурыз-тамызында және қыркүйек-желтоқсанында Қазақстан Қарулы Күштеріне, Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын», – деп жазылған. Мұндай шешім мемлекет тарихында алғаш рет қабылданып отыр. Ішкі істер министрлігінен өзге әскери құрылымдардың дені онсыз да қоғаммен тығыз қатынаста болмайды. Олардың бейтарап, жеке-дара қызмет атқаратынын ескерсек, осындай қадамға барудың түпкі мақсаты тек вирус жұқтырмау және оны таратпаудың қамымен жасалған шешім екені құптарлық. Өйткені қиын-қыстау жағдай туындаса, әскерді ұзақ мерзімге ұстау тәжірибесі қалыптасады. Тағы бір жайт, 2019 жылдың көктемінде әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметшілердің әскери міндеті аяқталды. Ал оларды запасқа шығару төтенше жағдай кезінде уақытша тоқтатылып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы Жарлыққа өзгеріс енгізді. Осы істің басы-қасындағы шенділер бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтудан жалықпайды. Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының Ұйымдастыру, жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастысы Сәкен Жүсіпов баспасөз мәслихатында былтыр көктемде әскерге алынған сарбаздарды үйлеріне қайтару төтенше жағдай режимі тоқтатылған жағдайда осы жылдың 30 маусымына дейін жүргізілетінін, ол уақытқа дейін әскери борышын атқаруды жалғастыра беретінін айтты. Бұл жағдайда қызметтік мерзімі аяқталғандар наразылық танытуы да мүмкін. Онда әскери мамандардың кәсібилігі сынға түседі. Қазіргідей жұмыс орындары қысқарған уақытта әскерилер үшін қызметін жалғастыру – үлкен мүмкіндік. Ал вирусқа қатысты тексеру нәтижесі бар мерзімді әскери қызметшілерді келісімшартқа алып қалу сенімдірек.
Сарбаздар қауіпсіздігі – бірінші орында
Олардың жеке бас қауіпсіздігін сақтауда соны қадам қажет. Мәселен, 14 сәуірде Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының 54 курсанты коронавирус жұқтырды. Әу баста вирус жұқтырған курсанттардың саны 14 болған. Бірақ жаппай тексеру нәтижесінде олардың қатары 4 есе көбейіп кетті. Әскери қызметкерлер жөнінде ақпараттардың ашық жариялана бермейтінін ескерсек, аталған цифрлар одан да көп болуы мүмкін. Егер әскери құрылымдарда дерт артып кеткен жағдайда оны ауыздықтау қиынға соғары хақ. Қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз деген ұранмен қазір барлық өңірде әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысы тоқтатылды. Енді сарбаздарды үйіне қайтарғанға дейін киім-кешекпен, азық-түлікпен, қаржымен және медициналық тұрғыда қамтамасыз ету міндеті тұр. Мемлекет аталған міндеттемелерді толық, мойнына алуы қажет. Мерзімді әскери қызметтен босаған сарбаздардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында биыл тамыз айында әскерге шақырылатын жастар COVID-19 бойынша ПТР-тесттен толық өтуі тиіс. Көктемгі әскери шақыруды аяқтау үшін 17 мың азаматты шақыру жоспарланып отырған көрінеді. Олардың аталған тесттен өтуін жергілікті атқарушы органдар қадағалауға міндетті. Шақырылушыларды хабарландыру және жинау, медициналық куәландыру кезінде жинау мен аттандыру бекеттерінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қатаң қадағалау – пандемия кезінде тиісті органдар қаперде ұстайтын басты талап.Әскерилердің еңбегі әділ бағалана ма?
Төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күннен бастап медицина қызметкерлерімен бірге халықтың денсаулығын қорғау бағытында полицейлер мен әскери қызметшілер аянбай қызмет атқаруда. Олар блок-бекеттерде жұмыс істеп, қоғамдық тәртіпті күзетеді, карантин енгізілген аймақтарда жұқтыру ошақтарын оқшаулау бойынша арнайы іс-шаралар жүргізу, санитарлық ережелерді бұзу әрекеттерінің жолын кесу, індетті жұқтырушыларды және олармен байланыста болғандарды іздестіру міндеті жүктелген. Аталған қызметтерді атқаруға жалпы саны он мыңға жуық әскери қызметші тартылған. Бұл қатарға арнаулы әскери жиын бойынша елдің әр өңірінен жиналған азаматтарды қосыңыз. СОVID-19 толық ауыздықталмаған қазіргі кезде, күштік құрылымдардың ауыр еңбегі бағаланып, толық жағдай жасалуы қажет. Қоғамдық тәртіпті қадағалаушы қызметкерлер мен әскери қызметшілерге лауазымдық жалақы мөлшерінде сыйақылары толық әрі уақытылы берілуі тиіс. Күштік құрылымдардың қауіпсіздігі – елдің қауіпсіздігі.Сұңқарбек БАТАН