Педофилдің портреті
Педофилдің портреті
518
оқылды
Педофилдің әлеуметтік һәм психологиялық портреті қандай? Қылмыскердің жасы мен жәбірленушінің жасы арасында байланыс бар ма? Адамның азғын атануына ұлты, нәсілі, тұрғылықты жері, туып-өскен ортасы, жұлдызнама белгісі, тұрмыс жағдайы әсер ете ме? Бұл сұрақтарға жақын­да AERC (Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы) ғалым­дары жауап берді. Әрине, педофил атаулыны бір қа­лыпқа сыйдыру мүмкін емес. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Дегенмен AERC мамандары Бас прокуратура сайтындағы педофилдер картасын егжей-тегжейлі зерделеп, 197 азғын­ның бәріне ортақ заңдылықтар ба­рын байқаған. Мысалы, жәбірленуші неғұрлым жас болса, зорлаушы соғұрлым ұзақ­қа сотталады екен. Баланың жасы 1 пайыз төмендесе, педофилге та­ғайын­далған жаза мерзімі 0,34 пайыз артады. Жәбірленушінің жасы 1 пайыз өссе, азғынның жасынан 0,1 пайыз алып тастаймыз. Бір қызығы, педофилдерге Қара­ғанды мен Павлодар облыстарында салыстырмалы түрде қатаң үкім шы­ғарылады. Керісінше, ең «мейірімді» соттар Қостанай облысында. Жұл­дызнама белгілерінің ішінде Сарышаяндар мен Шаяндар ұзақ уақытқа сотталады, бұл жағынан Егіздердің жолы болғыш. Қазақстандық педофилдің орта­ша жасы – 30,5 жас, жәбір­ленушінің орташа жасы – 10 жас. Педофилия дерегімен сотталғандардың көбі Шығыс Қазақстан облысында. Аты­рау облысында небәрі екі жағдай тіркелген. Ең егде педофил Түркістан облы­сында (78 жаста), ең жас педофил Қостанай облысында ұсталған (26,4 жаста). Ғалымдар Қазақстанда педо­филия­мен сотталған азғынның бет-бейнесін де құрастырған. Ол – моң­ғолоид нәсілді, дөңгелек жүзді адам. Басының көлемі орташа, маңдайы тегіс, көзі қара және домалақ. Аузы кішкентай, ернінің ортаңғы сызығы айқын аңғарылады. Ал психоаналитик Күләнда Төлен­диева азғындарды өзгеше тәсілмен өзінше сипаттайды. – Педофил орта бойлы, солақай. Көп жағдайда ішімдікке тәуелді. Мұндай ауытқу бай немесе кедей, кәрі немесе жас, білімді немесе білімсізден де байқалуы мүмкін. Досы аз, бір-екеу ғана. Үйленген болса, әйелімен тек дос ретінде араласады, жақын қарым-қатынасқа бармайды. Жұмыс істейтіндердің жалақысы аз, біліктілігі төмен немесе мүлде жұмыссыз, – дейді маман. Рас, педофил көпшілік ортада өзін ба­рынша қарапайым ұстап, көзге түспеуге тырысады. Әйтсе де, AERC ғалымдары осындай портрет­тің арқасында азғындарды 90 пайыз ықтималдықпен тап басып танитынына сенімді. Қазақстанда педофилдер туралы мағлұмат беретін электронды база жұмыс істейтінін сөз басында жаз­дық. Әр азамат infopublic.pravstat.kz сілтемесін басып, қылмыскердің фотосын, аты-жөнін, туған жылын, мекенжайын және сотталғаны жайлы мәліметтерін қарай алады. Бірақ ел­дегі құқықтық нигилизм мен шал­ғай жерлердегі ақпараттандыру мәсе­лесінің түйткілдерін ескерсек, мұны толыққанды шара деу қиын. Өркениетті әлемде азғындармен күрес әлдеқайда алға кеткен. 1994 жылы АҚШ-тың Хэмильтон қала­сында 7 жасар Меган Канканы көр­шісі зорлап өлтірген еді. Меганның әке-шешесі «Әттең, көршіміздің кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасап, сотталғанын ертерек білсек, қы­зы­мыз тірі болар еді» деп өкініш­тен аһ ұрған. Содан кейін Америка қо­ғамы педофилия мәселесіне жіті назар аударып, 1996 жылы Меган заңын (ағылшынша Megan's Law) қабылдады. Заңға сәйкес, педо­филдер жайлы ақпарат ашық жария­ланады. Кей штаттарда педо­фил­дердің көлік нөмірі бір түске ғана боялады. Соған қарап көлік иесі­нің кім екенін бәрі біледі де, теріс айналады. Ата-аналар баласын жасыра бастайды. Педофилдердің үйіне арнайы тақтайша іліп, «Мұнда педофил тұрады» деп жазып қояды. АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Эстония мен Оңтүстік Кореяда педофилдер электронды әдіспен бақыланады. Түрмеден босап шыққан азғынның қолына шешілмейтін қондырғы тағылады. Қондырғы жерсеріктен басқарылады. «Педофил» ұғымы – заң саласына емес, медицина саласына қатысты термин. Яғни, педофил – ақыл-есі кем адам. Сондықтан оның баяғы дерті қайта қозбайтынына ешқандай кепілдік жоқ.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ