Азық-түлік бағасы соңғы екі айда күрт қымбаттады – Ерболат Досаев
Азық-түлік бағасы соңғы екі айда күрт қымбаттады – Ерболат Досаев
Фото: Интернеттен алынды
5,258
оқылды
Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында Қазақстанда азық-түлікпен қатар өзге тауарлар да не себепті қымбаттағанын түсіндірді. «Төтенше жағдай мен карантин талаптарында тамақ өнімдеріне сұраныстың өсуінен Қазақстандағы жылдық инфляция үдеуін жалғастырды. Соңғы екі ай қатарынан 2020 жылы 4-6% нысаналы дәлізден асты. Биылғы сәуірде инфляция 6,8% деңгейінде қалыптасты. Саудалық серіктес елдерде карантин шаралары енгізіліп, импорт шектелді және ұсыныстың жеткіліксіз болуынан азық-түлік тауарлары бағасы бір айда 1,9% өсті, жылдық өсім 10,4%-ке дейін жылдамдады. Бұл – 2017 жылдан бергі ең жоғары өсім», – деді Ерболат Досаев. Оның айтуынша, қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына сәйкес, биыл сәуірде көбінесе жемістер мен көкөністер – 5,6%, қант – 6,2% және жармалар – 3,4% қымбаттады. «Сауда және сервис объектілері қызметінің тоқтатылуына байланысты азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының да өсуі алдыңғы айдың деңгейінде сақталып отыр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 5,4%-ке өсті. Ұлттық валютаның әлсіреуіне байланысты дәрі-дәрмектер мен жеке қолданыстағы тауарлар сияқты жекелеген тауарлар бағасының өсуі жанар-жағармай бағасының төмендеуімен реттелді. Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 3,5% деңгейінде сақталды», – деді Ерболат Досаев.