Ұлықтай білетін жұрт еңбекті ұмытпайды
Ұлықтай білетін жұрт еңбекті ұмытпайды
440
оқылды

Парламент Сенатының бұл жалпы отырысы тарихта қалатын болады. Жиында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Құрметті сенатор» мәртебесі берілді. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевқа сал­танатты түрде төсбелгі мен тиісті куәлік табысталды.

Қатардағы сенатордан басты бір айырмашылығы сол, «Құрметті се­натор» мәртебесі нақты мерзіммен шектел­мейді.

Ресми рәсімде қатысушыларға қайырылған Елбасы барлық депутатқа қолдау көрсеткені және еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты.

– Көпшілігіңізбен соңғы 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Көп­теген қиындықты бірге еңсердік. Маған «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім қабылдағандарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті қолға алынған реформаларды тиімді жүзеге асыру ісінде Парламенттің сапалы заң шығару қызметінің маңызды екеніне ерекше екпін түсірді.

– Еліміз бүкіл әлемге танымал болды. Экономикамыз дамуда, азамат­тарымыздың тұрмыс деңгейі артты. Біз мемлекетті жаңғыртуға бағытталған бірнеше бағдарлама қабылдадық. Сіздер оларды жүзеге асыруға белсене атса­лысып келесіздер. Реформалардың та­бысты болуы сіздердің жұмыста­рыңызға байланысты, – деді Н.Назарбаев.

Ол қоғамның тұрақтылығын нығайту және дамудың стратегиялық бағдары­ның сабақтастығын қамтамасыз ету үшін президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанына назар аудартты.

– Біздің басты жетістігіміз – елдегі тұрақтылық пен тыныштық. Қабыл­да­ған шешіміме қатысты әлемдік қоғам­дастықтың үнқатысына таң қалдым. Біз бүкіл әлемге билік транзиті мәселесін қалай шешуге болатынын көрсеттік, – деді Елбасы.


Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды одан ары дамыту және өркендету ісінде жас ұрпақтың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Өз кезегінде Сенат төрағасы «Құр­метті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім – еліміздің Тұңғыш Прези­дентінің мемлекеттіліктің іргетасын қалаудағы, еліміздің стратегиялық даму жолын анықтаудағы еңбегін лайықты мойындау екенін айтты. Елбасының бұл ерен үлесін халықаралық қоғамдастық та таныған.

«Қос палаталы Парламентті қалып­тастырудағы Сіздің жасампаз үлесіңіз бен кәсібилігіңіз үшін сенаторлардың Сізге деген зор құрметінің белгісі ретін­де осы мәртебені қабыл алыңыз», – деді Д.Назарбаева.

Айта кету керек, осының алдында, 30 мамырдағы жоғарғы палатаның оты­ры­сында сенаторлар Мемлекет басшы­сы­ның Қазақстанның Тұңғыш Прези­ден­тіне «Құрметті сенатор» атағын беру ту­ралы бастамасын бірауыз­дан қолдаған болатын.

Осы отырыста да бірқатар депутат сөз алып, Елбасыға «Құрметті сенатор» мәр­тебесін беруді қолдайтындарын паш етті.

Жария етілгеніндей, осы мәртебесіне сай, Нұрсұлтан Назарбаев Сенаттың, палата Бюросының, тұрақты комитетте­рінің отырысына қатысуға құқылы бо­лады. Бұған қоса, сенаторлар алдында сөз сөйлеп, айрықша маңызды проб­лемалар бойынша көзқарасын біл­діруіне мүмкіндігі бар.

«Сенаторлар үшін бұл үлкен құрмет, сондай-ақ зор жауапкершілік», – деді Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы.

Ол барлық депутат атынан Тұңғыш Президентке елімізді жарқын бола­шақ­қа бастау және Қазақстан халқының өмі­рін жақсарту жолында жаңа жетіс­тіктерге жете беруін тіледі.


Елдос СЕНБАЙ