Карантин шаралары бес топқа бөлінеді. Бұл туралы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфирде айтты. «Карантин режимін жұмсартуды үш кезеңге бөлдік. Бірінші кезең ауырғандар санының артуына байланысты, яғни бір апта ішінде коронавируспен ауырғандар саны 7%-дан аспаса - карантин режимін жеңілдетудің бірінші кезеңі деген сөз. Бір апта ішінде ауырғандар саны 5%-дан аспаса - карантин режимін жеңілдетудің екінші кезеңі басталады. Бұл шара әр өңірдің эпидемиологиялық жағдайына байланысты қабылданады. Бір апта ішінде ауырғандар саны 2%-дан аспаса - карантин шараларын жеңілдетудің үшінші кезеңі басталады», - дейді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова. Оның айтуынша, карантин шаралары бес топқа бөлінеді. «Карантин шараларының бірінші тобы еңбек ұжымдарымен байланысты, яғни жұмыс орнына шығудың қалыпқа келуімен байланысты. Жұмысқа қызметкерлердің 50% шыға алады. Қалғандары қашықтан жұмыс істегені дұрыс. Екінші топ білім беру қызметтерімен байланысты. Балабақшаларда кезекші топ жұмыс істейді және ондағы бала саны 15-тен аспауы керек. Үшінші топ қызмет көрсетуші мен қызмет алушыға қатысты болмақ. Қызмет көрсету барысында медициналық маска тағып, қауіпсіздік шараларын сақтау міндетті. Төртінші топ тұрғындардың қозғалысымен байланысты. Атырау, Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласынан басқа өңірлерде әуе қатынасы қалыпқа келеді. Теміржол мен көлік қатынасы әлі бірінші деңгейде тұр, сондықтан жүруге тыйым салынған. Өңіраралық блокпосттар жұмысын жалғастыра береді. Аймақ ішінде блокпост қою-қоймауды бас санитар дәрігер әкімдікпен бірге шешеді. Әр аймақ, ауданның эпидемиологиялық жағдайы есепке алынады. Бесінші топ аймақ ішіндегі қозғалыспен байланысты. Аулаға шығуға, спортпен шұғылдануға рұқсат етеміз, бірақ топтасып жүруге болмайды, яғни бір отбасы мүшелері шығуға болады немесе үштен артық адам бірге жүруіне болмайды», - дейді ол.