Тәубесін айтқан, тәуекел еткен елдің таңдауы
Тәубесін айтқан, тәуекел еткен елдің таңдауы
460
оқылды

Түп төркіні ескі тарих қойнауынан бастау алатын ұлысымыздың көш­бас­шы­лары әр заманда әртүрлі аталған. Сақтарда – патша, ғұндар тұсында – тәңірқұты, оғыз мемлекетінде – жабғу, түрік қағанатында қаған болды. Алтын орда, Ақ орда және Қазақ хандығы кезеңінде қазақты хан басқарды. Ал мемлекет басқару саласындағы елдегі ең жас институттардың бірі – президент.

Бүгінде президентура институты әлемдегі ең кең таралғаны саналады. Атап айтқанда, БҰҰ-ға мүше 195 тәуелсіз мемлекеттің 81-і президент­тік республика болып отыр. Қалға­ны – парламенттік республи­ка­лар, монар­хиялар және басқалары (тео­кратия, әскери диктатура, дирек­тория).

АҚШ – президент лауазымы пайда болған әлемдегі бірінші мемлекет. Тиісінше, президенттіктің америкалық моделі классикалық үлгі болып есептеледі.  

Жалпы, мемлекет тізгінін өз қолына алған саяси көсемнің білік­тілік деңгейі елдегі демократия­лық қоғамның даму қарқыны мен беталы­сын анықтайды. Сарапшы­лар­дың байламынша, мемлекетті «хатшылар» арқылы басқарған Кеңес Одағының күйреп, келмеске кетуіне де сайланбалы президенттік биліктің орнауының өзіндік ықпалы болды. Өйткені халық жаңа уақыт «жаңа бейнелі, тың тұрпатты лидер­ді» қажет ететінін, ол тұлғаның енді жұртшылық талабына, үміттеріне және мұқтаждықтарына жауап беруге тиістігін түсінді. Осы арқылы қоғамдық көңіл күй, бұқара санасы қасаң идеалдардан демократиялық құндылықтарға қарай ден қойды.

Қазақстанда тәуелсіздікті бекем­­деген, мемлекеттіктің ұсты­нын нығайтқан экономикалық, әлеуметтік және саяси реформалар да Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты.

Республикадағы президенттік институттың қалыптасу тарихына үңілсек, бұл ұлық лауазым елімізде 1990 жылғы 24 сәуірде, ХІІ шақыры­лым­дағы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында қабыл­данған «Қазақ КСР Прези­ден­ті­нің қызметін тағайындау және Қазақ КСР-нің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы арқылы енгізілді. Сол күні Жоғарғы кеңес (Парламент) Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Бұл егемендік жолына түскен қазақ еліндегі билік транзиті­нің алғашқы сатыларының бірі болатын.

Артынша 1991 жылғы 1 желтоқ­сан­да Қазақстан тарихындағы бірінші жалпыхалықтық сайлау өткі­зілді. Оған қатысқан отандаста­ры­мыздың 98,7%-ы дауысын Н.Назарбаевқа берді. Бұл ретте дауыс беру құқығы бар азаматтардың 88,2%-ы өз ықтиярын білдіріп, сай­лау­ға келген. Осыдан кейін екі апта­дан астам уақыт өткенде Қазақстан тәуелсіздігін жариялады.

Ал 1993 жылы 28 қаңтарда тәуел­сіз мемлекетіміздің бірінші Ата заңы қабылданды. Оған сәйкес, президент жалпыхалықтық дауыс беру арқылы 5 жылға сайланатын болып бекітілді.

1995 жылғы 29 сәуірде іс басын­дағы Мемлекет басшысының өкі­леттіктерін 2020 жылғы 1 желтоқ­сан­ға дейін ұзарту мәселесі бойын­ша референдум өткізілді. Бұл ше­шім­ді сайлаушылардың 95,46%-ы қолдады.

Сол жылдың 30 тамызында қазіргі қолданысымыздағы жаңа Конституция қабылданды. Онда президентті 5 жыл мерзімге сайлау туралы бап сақталды.

Алайда 1998 жылғы 7 қазанда заң шығарушы орган депутаттары Ата заңға бірқатар түзетулер енгізді. Олардың қатарында президент өкілеттігі 7 жылға дейін ұзартылды. Кандидатқа қойылатын жас шектеуі алып тасталды. Конституцияға өзге­­рістер енуіне байналысты ел Парламенті 1999 жылдың қаңтарын­да кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдады.

1999 жылғы 10 қаңтарда Қазақ­стан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді ары қарай да алға бастауын қалайтынын паш етті. Сайлаушы­лар­дың 79,78%-ы жақтап, дауыс берді. Сайлаушылардың келуі шама­мен 85%-ды құрады.

2005 жылғы 4 желтоқсандағы кезекті президенттік сайлауда да Елбасы 91,15% дауыс иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Дауыс беруге тіркелген сайлаушылардың 77,1%-ы қатысқан.

Кезекті сайлау 2012 жылы өтуге тиіс болатын. Алайда 2010 жылғы желтоқстанда Өскемен қаласындағы республикалық форум делегаттары іс басындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту туралы бастама көтерді. Осы мақ­сат­та референдум өткізуді республи­ка­лық жиынға шақырылған 850 делегат бірауыздан қолдаған. Баста­ма Парламент тарапынан да қолдау тапты. Республика бойынша шама­мен 5 миллион қол да жиналды.

Содан Сенат пен Мәжіліс депутаттары 2011 жылғы 14 қаңтарда Ата заңға осындай референдум өткізуге және Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдады. Бірақ ел Президенті ол заңға қол қоюдан бас тартып, оны баға беруі үшін Конституциялық кеңеске жолдады. Өз кезегінде Конституция­лық кеңес ол түзетулерді Консти­ту­ция­ға сәйкес келмейді деп таныды.

Осыдан кейін Елбасы халыққа жүгі­ніп, өз үндеуінде референдум емес, мерзімінен бұрын президент­тік сайлау өткізуді ұсынды. Сол жылғы 2 ақпанда ел Парламенті Ата заңға кезекті түзетулерді қабылдап, Мемлекет басшысына кезектен тыс президенттік сайлауды тағайындау құқығын берді.

Нәтижесінде, 2011 жылғы 3 сәуір­де өткен кезектен тыс сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 95,55% дауыс жиып, қайтадан Президент болып сайланды. Дауыс берушілердің келу көрсеткіші 89,99%-ға жетті.

Елбасының 2015 жылғы 25 ақпан­дағы «Қазақстан Республи­касы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» №1018 Жарлығына сәйкес, кезектен тыс президенттік дода сол жылдың 26 сәуіріне тағайындалды. Өйткені Президент және Парламент сайлау­ларын өткізудің күнтізбелік мерзімі 2016 жылға дөп келіп, іс жүзінде қосақ­талып тұрған еді. Ал Консти­ту­ция екі ірі сайлауды бір жылда өткізуге жол бермейді.

Осы орайда Елбасы Қазақстан халқына үндеумен қайырылып, Қазақстан халқы ассамблеясы кеңе­сі көтерген кезектен тыс прези­дент сай­лауын өткізу бастамасы ел ішін­де қызу талқыланғанына және өзіне күн сайын еліміздің түкпір-түкпірі­нен жүздеген хаттар түсіп жатқанына назар аудартты. Тұңғыш Президент халықтың неге алаңдайтынына тоқталды:

– Біздің азаматтарымыз үшін бүгін не нәрсе аса маңызды? – деген Н.Назарбаев оның жауабын да өзі берді. – Біріншіден, маған арналған барлық үндеулерде ешқандай ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдар елімізге кесірін тигізбесін деген бүкілхалықтық алаңдау бай­қалады. Адамдар бұл үшін тұрақ­ты­­лық пен қоғамымыздың бірлігін нығайту қажет екенін түсінеді. Екіншіден, әлемдік экономикалық дағ­дарыс белең алған кезеңде ха­лық­қа ертеңгі күніне деген сенім­ді­лік керек. Үшіншіден, жаһандық геосаяси қарама-қайшылықтар ушы­ға түскен жағдайда азамат­тары­мыз­ды ұлттық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету мәселесі алаңдатады. Сондықтан ел теңдестірілген ішкі және сыртқы саясаттың ары қарай жалғасқанын қалайды.

Елбасы мәңгілік тәуелсіздіктің, қуат­ты мемлекеттіктің, ішкі тұрақтылықтың маңыздылығына мән берді.

– Жер бетінде саны қанша миллион болса да туын тігер ұлта­рақ­тай жерді, ұрпағына мирас етер елді арман еткен ұлттар қаншама! Елі болғанмен бағдары жоқ, бағдары болғанмен берекесі жоқ халықтар да көз алдымызда. Қазақстан даму көшіне ілескен елдерден суырылып шығып, көш тізгінін ұстаған елдер­дің санатына бет алды. Бірақ біз өткенді ешқашан ұмытпауымыз тиіс. Қазақ – тарихи жады мық­ты, соңына қарап тәубесін айтқан, жолына қарап тәуекел еткен халық. Біз – өресі биік, рухы берік, отан­шыл елміз. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан қасиетті жер жоқ, бір түп жусанынан жұпар иіс жоқ. Елдің бірлігін нығайтып, Ота­ны­­мыз­ды көркейтуге бағыттал­ған кез келген ұсыныс мен үшін құн­ды. Қоғамда талқыланып жатқан кезек­тен тыс президент сайлауын өткізу жайын мен осы тұрғыдан сара­ла­дым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сол жылғы ақырғы сайлауында Елбасы қазақстандықтардың жүз пайызға жуық (98%) дауысына қол жет­кізді. Тіркелген сайлаушылар­дың рекордтық көлемі – 95%-дан аста­мы дауыс беру учаскелеріне келген.

Міне, алдағы жексенбіде Қазақ­стан өзінің демократиялық дәстүр­ле­рін күшейтетін кезекті қадамын жаса­ғалы тұр. Халқымыз саяси мә­де­ниеті кемеліне келгенін, сана­сы толысқанын, өзінің және ұрпа­ғы­ның келешегіне, ел тағдырына жа­уап­кершілікпен қарайтынын кезекті рет паш етеді деген сенім мол.