Бүгінде президентура институты әлемдегі ең кең таралғаны саналады. Атап айтқанда, БҰҰ-ға мүше 195 тәуелсіз мемлекеттің 81-і президенттік республика болып отыр. Қалғаны – парламенттік республикалар, монархиялар және басқалары (теократия, әскери диктатура, директория).
АҚШ – президент лауазымы пайда болған әлемдегі бірінші мемлекет. Тиісінше, президенттіктің америкалық моделі классикалық үлгі болып есептеледі.
Жалпы, мемлекет тізгінін өз қолына алған саяси көсемнің біліктілік деңгейі елдегі демократиялық қоғамның даму қарқыны мен беталысын анықтайды. Сарапшылардың байламынша, мемлекетті «хатшылар» арқылы басқарған Кеңес Одағының күйреп, келмеске кетуіне де сайланбалы президенттік биліктің орнауының өзіндік ықпалы болды. Өйткені халық жаңа уақыт «жаңа бейнелі, тың тұрпатты лидерді» қажет ететінін, ол тұлғаның енді жұртшылық талабына, үміттеріне және мұқтаждықтарына жауап беруге тиістігін түсінді. Осы арқылы қоғамдық көңіл күй, бұқара санасы қасаң идеалдардан демократиялық құндылықтарға қарай ден қойды.
Қазақстанда тәуелсіздікті бекемдеген, мемлекеттіктің ұстынын нығайтқан экономикалық, әлеуметтік және саяси реформалар да Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты.
Республикадағы президенттік институттың қалыптасу тарихына үңілсек, бұл ұлық лауазым елімізде 1990 жылғы 24 сәуірде, ХІІ шақырылымдағы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында қабылданған «Қазақ КСР Президентінің қызметін тағайындау және Қазақ КСР-нің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы арқылы енгізілді. Сол күні Жоғарғы кеңес (Парламент) Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Бұл егемендік жолына түскен қазақ еліндегі билік транзитінің алғашқы сатыларының бірі болатын.
Артынша 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихындағы бірінші жалпыхалықтық сайлау өткізілді. Оған қатысқан отандастарымыздың 98,7%-ы дауысын Н.Назарбаевқа берді. Бұл ретте дауыс беру құқығы бар азаматтардың 88,2%-ы өз ықтиярын білдіріп, сайлауға келген. Осыдан кейін екі аптадан астам уақыт өткенде Қазақстан тәуелсіздігін жариялады.
Ал 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз мемлекетіміздің бірінші Ата заңы қабылданды. Оған сәйкес, президент жалпыхалықтық дауыс беру арқылы 5 жылға сайланатын болып бекітілді.
1995 жылғы 29 сәуірде іс басындағы Мемлекет басшысының өкілеттіктерін 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту мәселесі бойынша референдум өткізілді. Бұл шешімді сайлаушылардың 95,46%-ы қолдады.
Сол жылдың 30 тамызында қазіргі қолданысымыздағы жаңа Конституция қабылданды. Онда президентті 5 жыл мерзімге сайлау туралы бап сақталды.
Алайда 1998 жылғы 7 қазанда заң шығарушы орган депутаттары Ата заңға бірқатар түзетулер енгізді. Олардың қатарында президент өкілеттігі 7 жылға дейін ұзартылды. Кандидатқа қойылатын жас шектеуі алып тасталды. Конституцияға өзгерістер енуіне байналысты ел Парламенті 1999 жылдың қаңтарында кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдады.
1999 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді ары қарай да алға бастауын қалайтынын паш етті. Сайлаушылардың 79,78%-ы жақтап, дауыс берді. Сайлаушылардың келуі шамамен 85%-ды құрады.
2005 жылғы 4 желтоқсандағы кезекті президенттік сайлауда да Елбасы 91,15% дауыс иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Дауыс беруге тіркелген сайлаушылардың 77,1%-ы қатысқан.
Кезекті сайлау 2012 жылы өтуге тиіс болатын. Алайда 2010 жылғы желтоқстанда Өскемен қаласындағы республикалық форум делегаттары іс басындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту туралы бастама көтерді. Осы мақсатта референдум өткізуді республикалық жиынға шақырылған 850 делегат бірауыздан қолдаған. Бастама Парламент тарапынан да қолдау тапты. Республика бойынша шамамен 5 миллион қол да жиналды.
Содан Сенат пен Мәжіліс депутаттары 2011 жылғы 14 қаңтарда Ата заңға осындай референдум өткізуге және Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдады. Бірақ ел Президенті ол заңға қол қоюдан бас тартып, оны баға беруі үшін Конституциялық кеңеске жолдады. Өз кезегінде Конституциялық кеңес ол түзетулерді Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.
Осыдан кейін Елбасы халыққа жүгініп, өз үндеуінде референдум емес, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұсынды. Сол жылғы 2 ақпанда ел Парламенті Ата заңға кезекті түзетулерді қабылдап, Мемлекет басшысына кезектен тыс президенттік сайлауды тағайындау құқығын берді.
Нәтижесінде, 2011 жылғы 3 сәуірде өткен кезектен тыс сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 95,55% дауыс жиып, қайтадан Президент болып сайланды. Дауыс берушілердің келу көрсеткіші 89,99%-ға жетті.
Елбасының 2015 жылғы 25 ақпандағы «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» №1018 Жарлығына сәйкес, кезектен тыс президенттік дода сол жылдың 26 сәуіріне тағайындалды. Өйткені Президент және Парламент сайлауларын өткізудің күнтізбелік мерзімі 2016 жылға дөп келіп, іс жүзінде қосақталып тұрған еді. Ал Конституция екі ірі сайлауды бір жылда өткізуге жол бермейді.
Осы орайда Елбасы Қазақстан халқына үндеумен қайырылып, Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесі көтерген кезектен тыс президент сайлауын өткізу бастамасы ел ішінде қызу талқыланғанына және өзіне күн сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген хаттар түсіп жатқанына назар аудартты. Тұңғыш Президент халықтың неге алаңдайтынына тоқталды:
– Біздің азаматтарымыз үшін бүгін не нәрсе аса маңызды? – деген Н.Назарбаев оның жауабын да өзі берді. – Біріншіден, маған арналған барлық үндеулерде ешқандай ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдар елімізге кесірін тигізбесін деген бүкілхалықтық алаңдау байқалады. Адамдар бұл үшін тұрақтылық пен қоғамымыздың бірлігін нығайту қажет екенін түсінеді. Екіншіден, әлемдік экономикалық дағдарыс белең алған кезеңде халыққа ертеңгі күніне деген сенімділік керек. Үшіншіден, жаһандық геосаяси қарама-қайшылықтар ушыға түскен жағдайда азаматтарымызды ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі алаңдатады. Сондықтан ел теңдестірілген ішкі және сыртқы саясаттың ары қарай жалғасқанын қалайды.
Елбасы мәңгілік тәуелсіздіктің, қуатты мемлекеттіктің, ішкі тұрақтылықтың маңыздылығына мән берді.
– Жер бетінде саны қанша миллион болса да туын тігер ұлтарақтай жерді, ұрпағына мирас етер елді арман еткен ұлттар қаншама! Елі болғанмен бағдары жоқ, бағдары болғанмен берекесі жоқ халықтар да көз алдымызда. Қазақстан даму көшіне ілескен елдерден суырылып шығып, көш тізгінін ұстаған елдердің санатына бет алды. Бірақ біз өткенді ешқашан ұмытпауымыз тиіс. Қазақ – тарихи жады мықты, соңына қарап тәубесін айтқан, жолына қарап тәуекел еткен халық. Біз – өресі биік, рухы берік, отаншыл елміз. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан қасиетті жер жоқ, бір түп жусанынан жұпар иіс жоқ. Елдің бірлігін нығайтып, Отанымызды көркейтуге бағытталған кез келген ұсыныс мен үшін құнды. Қоғамда талқыланып жатқан кезектен тыс президент сайлауын өткізу жайын мен осы тұрғыдан сараладым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сол жылғы ақырғы сайлауында Елбасы қазақстандықтардың жүз пайызға жуық (98%) дауысына қол жеткізді. Тіркелген сайлаушылардың рекордтық көлемі – 95%-дан астамы дауыс беру учаскелеріне келген.
Міне, алдағы жексенбіде Қазақстан өзінің демократиялық дәстүрлерін күшейтетін кезекті қадамын жасағалы тұр. Халқымыз саяси мәдениеті кемеліне келгенін, санасы толысқанын, өзінің және ұрпағының келешегіне, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын кезекті рет паш етеді деген сенім мол.