Осы министрлікте он жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан шенеунік экономикалық зерттеу институтындағы танысына мемлекеттік тендерді жеңіп беремін деп уәде етіпті. Сол уәдені орындау үшін жарты миллион теңгені қалтасына басқан деген күдік бар. Қарамағындағы қызметкердің дәл мұндай дауға ілігуі – министр отставкасына себеп болатын секілді. Бұл ретте Дәленовке дәл мұндай батыл шешімі үшін «бәрекелді» деп те қоюға болатын сияқты. Себебі, осыған дейін ешбір министр қызметкерінің кінәсі үшін жылы орынтағымен қоштасқысы келе қоймайтын. Дегенмен бұл жолғы айтпағымыз жемқорлық турасында емес. Министрдің азды-көпті уәделері жайында. Егер жас министр отставкаға кетер болса, оның қандай уәделері аяқсыз қалуы мүмкін?
Ақпан айында министр коммуналдық қызметтер тарифінің төмендеуіне байланысты батыл пікір айтты. «Тарифтерге қатысты айтар болсақ, кеше өзім пошта жәшігінен түбіртек алдым. Әлі қараған жоқпын, жай ғана айтып өтейін. Электр қуаты бойынша тариф 15,32 теңге болса, енді 10 пайызға төмендеп, 13,89 теңгені құрап отыр. Бұл Астана бойынша. Жылу 3 097 теңге еді, енді – 2 788 теңге. Менде бәрі 10 пайызға төмендеген. Егер олай болмаған жағдайда, тікелей маған хабарласыңыздар. Мәселені өзім бақылауға аламын» деген еді Үкімет кулуарында.
Сол айда министр еліміз бойынша жәрдемақының жаңа мөлшерін де жария етуге уәде берді. Яғни, бұл – көпбалалы аналарға арналған жәрдемақының көбеюіне қатысты әңгіме. «Қазір арнайы жұмыс тобы есептерді дайындап жатыр, жақын арада көлемі жарияланады. Мен қазіргі жәрдемақы көлемі жеткіліксіз деп ойлаймын» деп мәлімдеген болатын.
Үшінші уәде – экономикалық өсімнің артуы үшін экономиканы несиелеуді күшейту туралы. «Экономиканың сапалы өсуі – азаматтардың сапалы өміріне әкеледі. Бұл – негізгі мақсатымыз. Ол үшін бізде тамаша мүмкіндіктер, қажет құралдар бар. Қазіргі таңда кедендік, салықтық, бюджеттік және инвестициялық саясатты қадағалай аламыз. Мұның бәрін экономикалық өсім үшін жасаймыз» деген еді Үкімет отырысында.
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы жұмыс істеп тұр, экспортты қолдауға бағытталған – 500 млрд, өңдеуші секторды қолдауға арналған 600 млрд теңге бар. Бизнестің дамуы үшін әр тиын тиімді жұмсалуы керек» деп мәлімдеген. Бұл – оның ақпан айында айтқан сөзі. Өкінішке қарай, жас министрдің жалынды сөздерінің іске аса жөнелуі де оңай шаруа емес. Азия даму банкінің сәуір айындағы есебіне сүйенсек, мұнай бағасының арзандауына байланысты Қазақстандағы экономикалық өсім де баяулайды. Олардың дерегінше, 2018 жылы қол жеткізген 4,1 пайыздық меже биыл 3,5 пайызға, ал 2020 жылы 3,3 пайызға төмендейді. Инфляцияның орташа деңгейі 6 пайыз межесінде қала бермек.
Министрдің тағы бір ғажайып уәдесі – еліміздегі бай мен кедей арасындағы ара-жікті жою жайында. «Бай мен кедей мәселесі – елімізде бар проблема. Жақында ғана министрліктегі қоғамдық кеңесте осы мәселені күн тәртібіне енгіздік. Бұл – салық, инфляция секілді түйткілдерді бір бойына тоғыстырған елеулі мәселе. Біз оны шешуге тырысамыз» деген еді министр.
25 ақпанда вице-министр лауазымынан министр лауазымына тағайындалған сәтте Руслан Дәленов елдің азық-түлік нарығындағы бағамен күресетінін жария еткен. Онда ол Үкімет жиынына қияр мен қызанақтың суретімен келіп, журналистерді таңғалдырған. «Біз соңғы екі жылдағы динамиканы қарадық. Наурыз айында, ақпан айынан сәуірдің ортасына дейін қияр, қызанақ секілді тауарлар қымбаттап кетеді. Осы мәселемен белсенді айналысамыз» деген. Министрдің бастамасы бойынша енді еліміздегі супермаркет пен шағын дүкендердің кіреберісіне азық-түлік бағасы жазылған қағаздар ілініп қойылмақ. Министр кәсіпкерлерді осыған міндеттейміз дейді. Оның сөзінше сонда ғана тұрғындар бағаларды салыстыра отырып, арзан дүкендер қызметін тұтына алады. Дәленов бұл тәсілді қымбатшылықтан құтылатын бірден бір тәсіл ретінде көреді. Бұл әдіс өтімді болуы үшін әрбір сауда үйі бекіткен азық-түлік құны министрліктің сайтында жария болмақ. Кейіннен қағазға жазылып, сауда орындарының қасбетіне ілінеді. «Сауда үйіне келген тұрғындар азық-түлік бағасын көріп, таңдау жасай алады. Бұл қымбатшылыққа жол бермейді. Өйткені бизнесмендер бір-бірімен бәсекелесіп тауар құнын арзан етуге тырысады. Бұл – Еуропада бар тәжірибе» деді министр. Алдағы уақытта азық-түлік бағасы аспанға ұша ма, әлде бұл министрдің арзан популизмі болып қала ма, оны да уақыт көрсетер.