Маңғыстау облысында коронавирус жұқтырған тұрғыны көп ауылдың әкімі қызметінен босатылды.
Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылында он күннің ішінде 23 жағдай анықталып отыр. «Хабар 24» арнасының хабарлауынша, індет алдымен көп адамды жиып, ас берген үйден шыққан. Кейіннен сол жиында болған біраз адамға жұққаны белгілі болды.
Аядай ауылда карантин ережесін сақтауды қамтамасыз етпегені үшін облыс басшысының шешімімен ауыл әкімі жұмыстан шеттетілді.
Ал аудан әкіміне сөгіс жарияланды. Қазір ауылға кіре беріс тұсқа блокпостар қойылып, күзет күшейтілді.
Вирус көп тараған аудандар арасында Бейнеу мен Қарақия көш бастап тұр. Бейнеу ауданында 37 тұрғыннан КВИ анықталды. Арасында қоғамдық жұмыс өкілдері мен дәрігерлер де бар. Қазір бұл қос ауданда карантин режимі күшейтілген. Отбасылық жиын жасауға қатаң тыйым салынған. Жалпы, 3 наурыздан бастап аймақта 11 186 адам коронавирусқа тексеріліп, індет 129 адамнан анықталды.
Маңғыстау облысында карантин мамырдың 25-не дейін ұзартылды.