Халық саны қанша?
Халық саны қанша?
1,104
оқылды
2020 жылдың 1 науры­зын­да Қазақстандағы ха­лық саны 18 млн 671 мың адам­нан асты. Олардың 58,5 пайызы қалада, қал­ған 41,5 пайызы ауылда тұ­рып жатыр. Ста­тис­тика комитетінің дере­гіне сен­сек, биыл қазақ­стан­дық­тар­­дың саны 2019 жылғы 1 нау­рыздағы көрсеткішпен са­лыстырғанда 240,4 мың адам­ға, демек 1,3 пайызға өс­кен. Дәл осы бір жыл ара­­лықта 66 мыңға жуық адам көз жұмған. Елдегі демо­­гра­фия­лық ахуалға көз жүгіртсек. Кезінде белгілі демограф Ма­қаш Тәтімов «қазақ даласында ашар­шы­лық, Екінші дүниежүзілік со­ғыс болмағанда бү­гін халық саны 32-35 мил­лион­ға жетер еді» деп айтатын. Қош, тарих екі қай­тып келмейді. Ал қазіргі жағдай қан­дай? Негізінен, демографиялық өсім жайлы сан түрлі мәлімет бар. Сәуір айында countrymeters.info сайты қазақстандықтардың саны 20 миллионнан асқанын хабарлады. Сайт ұжымы Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның ресми деректерін пай­да­­ланатынын алға тартып, сөзін рас­тағысы келген. Ақпараттың рас­тығын білмекке педагог, демо­­граф зерттеуші Мақсат Имандо­сов­қа хабарласқанымызда Статис­тика комитетінің дерегіне сәйкес келетін жаңа мәліметтерді ұсынды. Мәліметке сүйенсек, 2020 жылы 1 сәуірде ха­лық саны 18,7 млн адам­нан асқан. Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстанда демографиялық ахуал барлық өңірде біркелкі емес. Осы орайда, 2020 жылдың бі­рін­ші тоқ­­санындағы (қаңтар, ақ­пан, нау­рыз айлары) деректерді са­лыс­тырсақ. Үш мегаполисте ал­ғаш­қы тоқсанда адам саны едәуір артқан. Бір қуантарлығы, елімізде урбанизация қарқын алғанымен, демографияға кері әсерін тигіз­беп­ті. Алматы қаласында 3 айдың ішінде жалпы өсім 15 038 адамға толыққан, оның ішінде 4 831-і жаңа туған сәбилер болса, 10 207-сі көші-қон өсімі. Осылайша, Алма­тыда 1,93 млн-нан астам жан өмір сүріп жатыр. Екінші орынға Нұр-Сұлтан қаласы жайғасқан. Мұнда 3 айда жалпы өсім 11 716 адамды құраған, 5 271 сәби дүниеге келіп, 6 445 адам қоныстаныпты. Ал Шым­кент қаласында 8 273 жалпы өсім тіркелген, 5 605 сәби дүниеге келсе, 2 668 адам көшіп келген. Жалпы, Қазақстанда бала туудың ре­корд­тық көрсеткіші 1987 жылы болған. Ол кезде елімізде 417 мың бала дүниеге келген екен. Мақсат Имандосов биыл жақсы көрсеткіш болуы мүмкін екенін айтып отыр. – Қазақстанда демографиялық өсім баяу, бірақ сенімді, нақты. Жалпы өсім жыл соңында қайтыс болған адамдардың нақты саны жарияланғанда айшықтала түседі. Негізінен, көп нәрсе жаңа туған сәбилерге байланысты. Соңғы жылдары орташа есеп­пен халық санының жылдық өсімі 230-250 мыңға жетеді. 2019 жылы, былтыр 403 мың бала дүниеге келді. Бұл – 32 жылдан бері болмаған рекордтық көрсеткіш. Биыл жыл ба­сындағы көрсеткіш былтырғы жыл басындағы көрсеткішті қай­та­лап отыр. Бұл – көптеген елмен салыстырғанда жақсы нәтиже. 2020 жылы дүниеге келетін бала саны 403 мыңнан асады деп ойлаймын, – деп болжам жасады.    width= Дегенмен елімізде демогра­фия­лық ахуал көңіл көншітпейтін өңірлер де жоқ емес. Мысалы, 2020 жылдың алғашқы 3 айында Екібастұзда жалпы өсім -152 болған. Бұл өңірде бала туылмады деген сөз емес. Осы аралықта 202 сәби дүниеге келген, бірақ 354 адам шетелге көшіп кеткен. Яғни, теріс нәтиже көші-қон мәселесіне байланысты тіркеліп отыр. Бұл қалалардың тізімінде Рудный (-190), Балқаш (-3), Ақсу (-97), Степногорск (-132), Қапшағай (-42), Шахтинск (-90), Риддер (-169), Теміртау (-29) да бар. – Бұл тізімде Петропавл, Пав­ло­дар, Семей мен Өскемен секілді үлкен қалалар да бар. Жалпы өсім төмендеген өңірлерде орыс, не­міс секілді өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған. Біріншіден, оларда батыстық менталитет басым, яғни көп ұрпақ өсіру аса маңызды емес. Екіншіден, басым көпшілігі тарихи Отанына көшіп жатыр. Сондықтан бұл қатты алаңдайтын мәселе емес. Ол қалаларды «қарттардың қа­ласы» деп атаудың қажеті жоқ. Бірақ туған елге оралатын қан­дас­тарымыздың саны аз. Қазір жылына 10-15 мыңдай қандасымыз ғана қоныс аударады, – дейді Мақсат Имандосов. 2019 жылы 45 мың қазақстан­дық шетелге қоныс аударған. Олардың 70 пайыздан астамы орыс­тар болса, шамамен 6 пайызы ук­раин­дар екен. Ал қалған өңірлерде жалпы өсім тұрақты, жылдағыдай 1 000-3 000 аралығында. Ақтау (3 525) мен Ақтөбе (3 056) қаласында жаңа серпін байқалады. Елімізде ха­лықтың 55 пайызға жуығы оң­түс­тік өңірлерде шоғырланған. Әсіресе, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының қарқыны жоғары. Себебі әрбір бесінші бала осында дүниеге келеді. 1989 жылы Шымкент қаласында 393 мың адам тұрған. Ал 10 жылдан соң, 1999 жылы 419 мың адам тіркеліпті. Бүгін­­де қала халқының саны мил­лион­нан асып отыр. Жастардың көп шоғырлануы бойынша Ақтау, Атырау, Шымкент пен Қызылорда облысы көш бастап тұр. Бұл өңірлерде жастардың (18-29 жас) үлесі 32-37 пайызды құрайды. Ал жастары аз өңірлердің тізімінде Павлодар, Өскемен және Петропавл тұр. Мұнда жастардың үлесі 20 пайыздан кем. Елімізде 2,25 млн зейнеткер бар. Салыстырмалы түр­де қарар болсақ, Ресейдегі Мәс­кеу облысы мен Мәскеу қа­ла­­­сының халық саны 20,3 млн адам­нан асады екен. Оның 5,35 мил­лионы зейнеткерлер. Ал Қазақ­станда халық саны қай кезде 20 мил­лионнан асуы мүмкін? – Тәжікстан, Өзбекстан се­кіл­ді елдерде демографиялық жағ­­дай өте жақсы. Бізде ондай қар­­қын жоқ, есесіне елімізде өсім тұрақты. Көрші Ресеймен біз­де­гі жағдайды салыстыруға кел­мейді. Ресейде қарттар көбей­ген, бала туу көрсеткіші аз. Олар қазір халқының санын имми­грант­­­тармен толтыруды ғана көз­­­­дейді. Сол үшін сырттан кел­ген­дерге ұлтына қарамастан аза­мат­тық береді. Қазақстанның өсімі басқа ағында. Меніңше, қа­зіргі қарқынмен есептер бол­сақ, 5-6 жылдың шамасында қа­зақ­стан­дық­тар 20 миллионнан аса­тын бо­лады, – дейді Мақсат Иман­до­сов.     Түйін:  

Биыл қазан айында елімізде халық санағы өтеді. Ең басты еске­рілетін мәлімет демография екені сөзсіз. Біз алғашқы тоқсандағы дерек­терді тілге тиек еттік. Жазушы Шерхан Мұртаза айтпақшы, «Хал­қы көп елде ғана адамдардың санасы мен сапасы артса керек». Ол үшін дені сау ұрпақтың көбейгені абзал.

 

Мадияр ТӨЛЕУ