Дегенмен елімізде демографиялық ахуал көңіл көншітпейтін өңірлер де жоқ емес. Мысалы, 2020 жылдың алғашқы 3 айында Екібастұзда жалпы өсім -152 болған. Бұл өңірде бала туылмады деген сөз емес. Осы аралықта 202 сәби дүниеге келген, бірақ 354 адам шетелге көшіп кеткен. Яғни, теріс нәтиже көші-қон мәселесіне байланысты тіркеліп отыр. Бұл қалалардың тізімінде Рудный (-190), Балқаш (-3), Ақсу (-97), Степногорск (-132), Қапшағай (-42), Шахтинск (-90), Риддер (-169), Теміртау (-29) да бар.
– Бұл тізімде Петропавл, Павлодар, Семей мен Өскемен секілді үлкен қалалар да бар. Жалпы өсім төмендеген өңірлерде орыс, неміс секілді өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған. Біріншіден, оларда батыстық менталитет басым, яғни көп ұрпақ өсіру аса маңызды емес. Екіншіден, басым көпшілігі тарихи Отанына көшіп жатыр. Сондықтан бұл қатты алаңдайтын мәселе емес. Ол қалаларды «қарттардың қаласы» деп атаудың қажеті жоқ. Бірақ туған елге оралатын қандастарымыздың саны аз. Қазір жылына 10-15 мыңдай қандасымыз ғана қоныс аударады, – дейді Мақсат Имандосов.
2019 жылы 45 мың қазақстандық шетелге қоныс аударған. Олардың 70 пайыздан астамы орыстар болса, шамамен 6 пайызы украиндар екен.
Ал қалған өңірлерде жалпы өсім тұрақты, жылдағыдай 1 000-3 000 аралығында. Ақтау (3 525) мен Ақтөбе (3 056) қаласында жаңа серпін байқалады. Елімізде халықтың 55 пайызға жуығы оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Әсіресе, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының қарқыны жоғары. Себебі әрбір бесінші бала осында дүниеге келеді. 1989 жылы Шымкент қаласында 393 мың адам тұрған. Ал 10 жылдан соң, 1999 жылы 419 мың адам тіркеліпті. Бүгінде қала халқының саны миллионнан асып отыр.
Жастардың көп шоғырлануы бойынша Ақтау, Атырау, Шымкент пен Қызылорда облысы көш бастап тұр. Бұл өңірлерде жастардың (18-29 жас) үлесі 32-37 пайызды құрайды. Ал жастары аз өңірлердің тізімінде Павлодар, Өскемен және Петропавл тұр. Мұнда жастардың үлесі 20 пайыздан кем. Елімізде 2,25 млн зейнеткер бар. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, Ресейдегі Мәскеу облысы мен Мәскеу қаласының халық саны 20,3 млн адамнан асады екен. Оның 5,35 миллионы зейнеткерлер. Ал Қазақстанда халық саны қай кезде 20 миллионнан асуы мүмкін?
– Тәжікстан, Өзбекстан секілді елдерде демографиялық жағдай өте жақсы. Бізде ондай қарқын жоқ, есесіне елімізде өсім тұрақты. Көрші Ресеймен біздегі жағдайды салыстыруға келмейді. Ресейде қарттар көбейген, бала туу көрсеткіші аз. Олар қазір халқының санын иммигранттармен толтыруды ғана көздейді. Сол үшін сырттан келгендерге ұлтына қарамастан азаматтық береді. Қазақстанның өсімі басқа ағында. Меніңше, қазіргі қарқынмен есептер болсақ, 5-6 жылдың шамасында қазақстандықтар 20 миллионнан асатын болады, – дейді Мақсат Имандосов.
Түйін:
Биыл қазан айында елімізде халық санағы өтеді. Ең басты ескерілетін мәлімет демография екені сөзсіз. Біз алғашқы тоқсандағы деректерді тілге тиек еттік. Жазушы Шерхан Мұртаза айтпақшы, «Халқы көп елде ғана адамдардың санасы мен сапасы артса керек». Ол үшін дені сау ұрпақтың көбейгені абзал.
Мадияр ТӨЛЕУ