Кеше Шымкент қаласында жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтіндер наразылық танытты.
Мұнда жиналған жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері мен фельдшерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстемеақыны төлеу бойынша шыққан Жарлығының орындалмай жатқанына наразы. Олардың айтуынша, жүргізушілер мен фельдшерлер үстемеақы төлену бойынша 2 және 3 категорияға жатады. Бекітілген қаулыға сай ол санаттағыларға 425 мың және 212,5 мың теңгеден төленуі тиіс. Дегенмен шымкенттік ешбір жедел жәрдем қызметкері мұндай қаржыға қол жеткізбеген. «Мәселен, бізге диспетчер үлкен кісінің ауырып жатқанын айтып, мекенжайын жолдайды. Біз қауіпті дерттің алдын алу шараларын толық сақтап, бірнеше қабат киініп, шақырту түскен аймаққа барамыз. Науқастың кейбірі пневмония немесе ЖРВИ болуы мүмкін. Біз ол кісілерден қайда, кіммен байланыста болғанын әбден анықтаймыз. Сөйтіп, тиісті орынға әкелеміз. Әр күніміз қауіп-қатерге толы. Кәсіби міндетіміз болғандықтан әрі қосымша ақы төленеді дегеннен кейін олармен байланыста болатынымызға қарамастан, күн сайын тәуекелге барып жүрміз. Бізге ең болмаса бұл қаржының қалай есептеліп, кімге төленетінін нақты көрсетіп бермейді», – дейді наразы топ.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, нағыз коронавирус ошағы болып тұрған, яғни вирус жұқтырғандар саны 245-ке жеткен үшінші мегаполистің жедел жәрдем қызметкерлеріне бұл ақша төленбей, көрші жатқан, қауіптілігі төмен болып саналатын Түркістан облысының Сайрам, Арыс аудандарының медицина қызметкерлеріне үстемеақы беріле бастаған. Ал мұндағы кейбір қызметкерлерге бар-жоғы 6 000-9 000 теңге көлемінде үстемеақы қосылған.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы