Шымкенттіктер де қалыс қалған жоқ
Шымкенттіктер де қалыс қалған жоқ
283
оқылды
1 мамыр күні Өзбек­стан­­да­ғы Сардоба су қой­масы­ның жа­рылуы сал­да­рынан Түркіс­тан облы­сының Мақ­та­арал ау­да­нында бір­не­ше ауыл су астында қалған бо­латын. Бү­гін­де ау­дан­­ға елі­міз­дің бар­лық ай­ма­ғынан гума­ни­­­тар­лық көмек ағы­луда. мақ­та­­арал­дың ірге­сін­дегі ірі шаһар Шым­кент те асардан алыс­таған жоқ. Көрші облыс тұрғындарының басына түскен бұл ауыртпашылық­қа шымкенттіктер де бейжай қара­ған жоқ. Шымкент қаласы­ның Төтенше жағдайлар департа­мен­тіне қарасты құтқарушылар тобы Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендеріне алғашқылардың бірі болып жетті. Жедел-құтқару жасағы күн-түн демей ондағы судың деңгейіне мониторинг жүргізіп, су басқан ауылдарды қайықпен аралап, ірі және ұсақ малдарды құтқару ша­ра­ларымен айналысты. Су бас­қан үйлерден құнды заттар мен құжаттарды көшіруге көмектесті. Сонымен қатар ауылды су ағысы­нан қорғау үшін жергілікті тұрғын­дармен бір­лесіп жағалауды бекіту жұмыс­та­рын жүргізді. Ал жуырда шымкенттік бір топ кәсіпкер тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтарға гу­ма­­ни­тарлық көмек жөнелтті. Қа­ла­лық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қай­рат Молдасеитов пен қалалық Кәсіп­керлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев бастаған делегация Мақтаарал ауданына20 миллион теңгеден астам көмекті алып барды. Делегация алдымен 188 отбасы тұрақтаған, су тасқыны­ның зардабына көбірек ұшыраған Өргебас ауылына аялдады. «Отау Групп» ЖШС-нің президенті Қай­рат Молдасеитов Өргебас ауы­лының тұрғындарын қолдау үшін өз атынан 12 миллион теңге бөл­генін атап өтті. Бұл қайырымдылық шара­сы­нан бүгінде сапалы өнімімен танымал болған Bal-Tekstil кілем фабрикасы да шет қалған жоқ. Осы күні фабриканың 6 млн теңге болатын өнімі де келіп жетті. Bal-Tekstil кілем фабрика­сы­ның директоры, белгілі кә­сіп­кер-меценат Талғат Исқақов мақтааралдықтарға 400-ден аса кілемді сыйға тартты. «Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан 6 мыңға жуық тұрғын зардап шек­ті. Мыңға жуық отбасы баспа­на­сынан айырылды. 8 мың гек­­тарға жуық егістік жер мен мал-мү­лік­терін су шайып кетті. Осы­ны ескере отырып, біздің ұжым да Мырзашөл халқына көмек қолын созуды азаматтық борыш деп санаймыз. Біз жіберген кілем­дер жаңа үйге кіріп, қоныс тойын той­лай­тын тұрғындарға тараты­ла­тын болады», – деді ол. Сонымен бірге, тосыннан кел­ген апаттан зардап шеккендерге AGF Group тоқыма фабрикасының басшысы Гаухар Насырова 40 жинақ төсек-орын сыйласа, VIZiT алкогольсіз сусындар зауытының ди­ректоры Вилким Злавдинов 500 мың теңге болатын сусын алып ке­ліпті. Шымкент қаласы іскер әйел­дер кеңесінің төрайымы Алма Арха­баева бастаған іскер әйел­дер қауымы азық-түліктен бөлек киім-кешек, гигиена құрал­да­ры мен қажетті заттар, соның ішін­де балаларға арналған гу­ма­­ни­тарлық көмек көрсетсе, «Карл­скрона» ЖШС-нің ди­рек­­торы Уәлихан Ахметов пен «Мега Смарт» иесі Сергей Хегай гума­нитарлық көмекті тасы­малдайтын жүк көліктерімен қам­тамасыз етті. Көмек қолын созған кәсіпкерлердің қатарында «Даму» фармацевтикалық ұйым­дар қауымдастығының тө­райы­мы Хадиша Алжанова, «Евро­крис­талл» әйнек зауытының басшысы Рустам Сухов және «Телеком Сауда» ЖШС директоры Нұржан Мамытов та бар. Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев бұл жағдайдың ешкімді бейжай қал­дыр­мағанын, үшінші мегапо­лис бизнесмендерінің қай­ғы­лы оқиға орын алған сәт­тен бас­тап Мақтаарал ауда­нына ақша жинауды бастағанын атап өтті. «Біздің кә­­сіп­кер­лер қайы­рым­ды­лық ша­­ра­­лары үшін жиналған қар­жыны өз қал­та­ларынан да, кә­сіп­орын­дары­нан да бере баста­ды. Бұдан бөлек, Шымкент қа­ласының Кәсіпкерлер палатасы зардап шеккендердің қорына қа­ражат аударды. Шымкент қа­ласы тарапынан көмек түр­ле­рі қолма-қол ақшамен, азық-түлікпен және негізгі қажет­ті­­ліктермен қамтамасыз етуді әлі де жалғастыруда. Апатқа ең алғаш­қы­лардың бірі болып үн қосқан қалалық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелеріне алғысымыз шексіз. Түркістандық кәсіпкерлер палатасындағы әріптестерімізбен біргеміз.Біз ортақ күш-жігермен қиындықты бірге жеңетінімізге сенімдіміз және бәрі жақсы болады!» – деп атап өтті Нұрлан Қабыштаев Өргебас ауылында өткен кездесуде. Бұдан бөлек, Шымкент қа­ла­сындағы жекелеген мекеме ұжымдары да тасқыннан зардап шек­кендерге бір күндік жала­қысын аударуды жалғас­тырып жатыр.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы