Абай домбырасы неге дауға айналды?
Абай домбырасы неге дауға айналды?
459
оқылды
5 мамыр күні Youtube платформасына өзгеше бір видео жүк­телді. Онда ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының кін­дік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлақ ауылында жаса­лып жатқан жоба көрсетілген. Видеоны түсіріп тұрған адам Абайдың 175 жылдық тойына орай ақынның үш ішекті дом­­бырасының бейнесі тө­семе тастар (брусчатка) ар­қылы өрнектеліп жат­қанын баяндайды. Бұл видео әлеу­меттік желі­лер­де тез тарап, желі қолдану­шы­лардың қызу талқысына түсті. Видеодан байқағанымыздай, төбенің басынан етегіне қарай көлбей төселген домбыраның сұлбасы түрлі түсті тастармен өр­­нектеліпті. Мәселен, домбыра­ның мойны ашық қоңыр түсті тастан өрілсе, шанағының та­сы сарғылт түсті. Үш ішек қы­зыл тастан тізілген. Сырттай қара­ғанда әдемі көрініс, әрине. Әйтсе де, домбыра бейнесінің жерге төселгені ұлттық таным-түсінік тұрғысынан үлкен дау тудыратыны анық еді. Осыған орай, желі қолданушылары да жоба авторларының мұндай қадамға баруын жауапсыздық деп санап, сынға алды. Әсіре­се, абай­танушы ғалымдар бірден келіс­пейтінін білдіріп, Facebook-те пікір жазды. Бұл мәселеге қатысты ойын білмек болып ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызына хабарластық. «Қазақ домбыраны жерге төсемек түгіл, босағаға ілмейтін халық. Қай қазақтың үйіне кірсеңіз де, домбыра төрінде тұрғанын көресіз. Тіпті, домбыраның тілін білмейтін, шерте алмайтын адамның өзі оны төріне іліп қояды. Өйткені домбыра біздің – ұлттық аспа­бымыз, қасиетті, қастерлі жәді­гері­міз. Домбыра – қазақтың жан жүрегі. Шетте жүрген қанда­сымыз домбыраның үнін естісе, ет-бауыры езіле, отыра қалып жы­лай­тыны анық» деп пікір білдірген ғалым домбыраның сұлбасын да, бейнесін де жерге төсеп, аяқасты етуге мүл­дем қар­сы екенін жет­кізді. «Қа­зақ құр­меттеген дү­ниесін көк­ке кө­тереді. Ұлты­мыздың дүниета­ны­мында жер­ге тастау деген жақ­сы сөз емес. Біз бас­киімнің өзін жерге таста­май­тын халықпыз. Сондықтан ұлы ақын­ның үш ішекті домбырасын әлемге та­нытқысы келген жергілікті би­­лік өкілдері басқа жолын ойлас­тыруы керек еді. Мына іс – ұлт ру­ханиятын ойлаған, қас­терлі мұ­раны қадірлегендік емес», – дейді ғалым. Алмахан Мұхаметқалиқызының айтуын­ша, Абайдың 30-ға жуық ән мұрасы, күйлері бар. Ақын мұра­сын насихаттау үшін ескерткіш жоба жасағандар осы жағын ес­кергені жөн еді. Мақаланы әзір­леу барысында Семейде тұра­тын белгілі ғалым, филолог Арап Еспенбетовке қоңырау шалдық. Ол кісі Абайдың 175 жылдығы қарсаңында құрылған облыстық комиссияның мүшесі болғанымен, дәл осы жобадан хабарсыз екенін айтты. «Бұл Абай ауданы әкімдігінің облыс басшылығымен келісіп жасалып жатқан жұмыс болуы керек, одан нақты хабарым жоқ. Мен өзім домбыраның бейнесін аяқасты етуге қосыла қоймаймын. Бірақ шешім жасалғанда арасында болмағандықтан, пікір айта алмаймын» деп қысқа қайырды. Ал PhD докторы Қарлығаш Әубәкірова Facebook-те «Абай атам айтпақшы, ертең елге келген мейман мен бала-шағаның алдында «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» демесек болды. Әйтпесе, Қадыр Мырзалиев «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырламап па еді? Домбыраны аяқасты қылуды қандай ишара деп түсінеміз?» деген пікір қал­дырыпты.  

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Аталған жобаның маңызы туралы аудандық атқарушы билік өкілдері не айтады екен деп Абай еліне қоңырау шалып, сұрау салғанбыз. Абай ауданы әкімдігі мәдениет бөлімінің басшысы Елдар Оразалиннің айтуынша, биылғы 175 жылдық торқалы тойға орай Абайдың туған жеріне қандай ескерткіш қоямыз деген мәселе талқыға түскенде аса ұтымды ұсыныс бола қоймаған. «2004 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 100 жыл толды деп Сырт Қасқабұлақтағы төбенің басына белгі тас орнатылған болатын. Ол белгі таста «Аға сұлтан Құнанбайдың ауылында 1845 жылы данышпан Абай дүниеге келді» деген жазу болды. Біреулер соны күреп тастайық деген де пікір айтты. Бұл жер тарихи орын болғандықтан, есте қалдыратындай жоба жасауды мақсат еттік. Алғашқыда төбенің басынан етегіндегі бұлаққа дейін жай ғана жол салмақшы болдық, ойлана келе осыны таңдадық. Абайдың өз домбырасын қоялық деп шештік», – дейді. Елдар Кәменұлы айтқандай, әуелгіде ақын домбырасына қатысты жоба мүлдем басқаша жасалыпты. Дегенмен кейін жағдайын және басқа пікірлерді ескере келе, жоба өзгеріске түскен. «Бастапқы шешім бойынша дом­быраның шанағындағы ойықтың орнында гүл тұру керек болатын, ал тиегінің орнына жерден 1 метрдей көтерілген «Сырт Қас­қабұлақ – ұлы Абайдың туған жері» деген жазу орнатылуы ке­рек еді. Одан бөлек, тиектен тө­мен тігінен ұзындығы 8 метрлік қауыр­сын қалам тұрғызылады да, жартылай ашылған орама қағазға Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген сөзі жазылуы керек болатын. Ары қарай келген жолаушы төменге түсіп, бұлақтың суынан дәм татады. Мұның жалпы композициялық шешімі осылай болу керек еді», – дейді Е.Оразалин. Алайда кейіннен үлкен жол­мен өтіп бара жатқан жолау­шы­ларға домбыра көрініп тұру керек деген талаптан кейін құ­ры­лыс­шылар домбыраның сұлба­сын 90 градусқа бұрған. «Осы­лай­ша, бұлаққа баратын жол бөлек жасалды. Жолдың бойындағы тастарға Абайдың 45 нақыл сөзі жазылады. Мәселен, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» сөзі бір тасқа жазылса, келесі тасқа «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген нақылы жазылады. Кішігірім туристік кешен болғалы тұр», – дейді аудандық мәдениет бөлімінің басшысы.  

ҚАРЖЫ КӨЛЕМІ ҚАНДАЙ?

 Абай ауданы әкімінің орын­басары Мейіржан Смағұловқа хабарласып анықтағанымыздай, Сырт Қасқабұлақтағы жобаның жалпы аумағы – 1,2 гектар. Салыстыру үшін айта кетейік, 1 гектар – 10 000 текше метр немесе 100 сотық жер. Демек, әжептәуір аумақ. Ал тас төсел­ген жердің аумағы – 2 000 шар­шы метр. Оның ішінде дом­быраның сұлбасы 750 шаршы метрге салыныпты. Оған қоса, кешен аумағына 70 тал шырша ағашы, 83 терек отырғызылған. «Туристік кешен жұмысының 70%-ы аяқталып қалды, қазір гүл егіліп жатыр. Сегіз орындық орнатылып, қасына қоқыс са­латын жәшіктері қойылды. Енді жарықтандыру жұмысы қалды, ол жерге 96 дана шам орнатамыз», – деді аудан әкімі­нің орынбасары. Мейіржан Смағұловтың сө­зіне қарағанда, аталған кешенді қолға аларда жергілікті әкімдік ұлттық аспабымыз – домбыраға нұқсан келсін дегенді әсте ойламаған. Мақсат – тарихи орынның құнын арттырып, туристік жерге айналдыру. «Неше жылдан бері жаздың ыстығында үйездеген жылқы, оқыралаған сиыр лайлап жататын бұлақты қоршауға алып, әсемдеп, абаттандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Ертең бұл жер адам танымастай орынға айналғалы тұр. Өкінішке қарай, біздің жұмысымызға тек біржақты сын айтылып жатыр», – дейді әкімнің орынбасары. М.Смағұловтың сөзінше, аталған кешен Абай аудандық мәдениет үйінің балансына берілген. Отырғызылған талдар мен гүлдерді суарып, күтіп-баптауға штат бөлініп, екі адам жұмысқа алыныпты. Жобаның жалпы құрылысына бюджеттен 50 млн теңге бөлінгенін білдік. Бұдан басқа, аудан орталығы Қарауылға баратын үлкен жолдан Сырт Қасқабұлаққа қарай 1 ша­қырым 700 метр көтерме жол салыныпты, жоспар бойынша алдағы уақытта оған асфальт тө­селуі тиіс. Жалпы жол құры­лысына қарастырылған қаржы көлемі 42 млн теңге. Осылайша, ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлақтың өзіне 92 млн теңге жұмсалатыны мәлім болды. Айтпақшы, 7 мамыр күні Абай ауданына барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 175 жылдыққа бөлінген ақша ауданды дамытуға жұмсалатынын айтқан. Өңір бас­шысының айтуынша, жал­пы аудандағы нысандарды қайта құруға 150 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. «Сырт Қасқабұлақтағы бұлақ Абайдың өмірлік жолының басталуын бейнелейді. Бұл – ерекше қа­сиетті жер. Туризммен бай­ланысты барлық шара осы жер­ден басталуы тиіс» деп атап өтті Д.Ахметов. Әрине, ұлы Абайдың 175 жылдық ме­рейтойы қарсаңында өңір­ге қаражат бөлініп, туристік ма­ңы­зын арттыру қажет іс. Алайда Абай мұрасын наси­хат­­тау жолында ақынның үш ішек­ті домбырасының бей­не­сін жерге төсеген жоба көп­ші­лік­тің көңілінен шыға қоюы қиын­дау секілді. Бәлкім, ке­шен құ­рылысын бастамас бұ­рын жер­гілікті билік өкілдері ақынның «Домбыраға қол соқпа» деп бас­талатын әйгілі өлеңін бір оқып шықса, жағдай мұндай болмас па еді…  

Бауыржан САБЫРБЕК