Былтыр Қазақстанда жасалған жемқорлыққа қатысты қылмыстың әрбір жетіншісі – мемлекеттік сатып алу саласына қатысты болған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция департаменті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің басқармасы басшысы Данияр Якупов: «Мемлекеттік сатып алу саласында едәуір мол қаражат барын білесіздер. Ондағы қаражат жылдан жылға көбейіп келеді. Бүгінгі күннің өзінде қаражат көлемі 4 трлн теңгені құрайды. Ақша едәуір мол. Сол себепті мұнда жемқорлық қаупі де бар. Тергеу тәжірибесі де осы жайды растайды. 2019 жылдың өзінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрбір жетінші қылмыс мемлекеттік сатып алу саласына қатысты болған. Менің ойымша мұндағы қылмыстың жиі тіркелуі – бұл салаға қатысушылардың көп болуымен тікелей байланысты. Мемлекеттік сатып алу саласында елімізде 24 мыңға тарта тапсырыс беруші мен 100 мыңға тарта тасымалдаушы жұмыс істейді», – деді агенттікте өткен онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша мемлекеттік сатып алу саласында қылмысқа баратындар көп қатысушының ішінде із жасыруға тырысады.
«Осы жылдың бірінші тоқсанының өзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік сатып алу саласына қатысты 200-ге тарта қылмыстық іс қозғады. Біз айыптыларды қанша ұстағанымызбен тұйық шеңбер қалыптасып қалғанын байқаймыз. Бірін ұстасақ, екіншісі пайда болады. Әлбетте бұл жағдайға халық та наразы. Жағдайдың бұлай шексіз жалғаса беретінін түсіне отырып, агенттік алдын алу жұмыстарына жете мін береміз. Яғни, әрбір жемқордың артынан жүгіріп жүрмей, мемлекеттік сатып алу саласында жемқорлыққа жол бермейтін механизмдерді әзірлеп жатыр», – деді ол.