Басынан қилы тағдыр өтіп, экологиялық апаттың зардабын тартқан Арал өңірі хал-қадірінше өркендеп келеді. Әрине, теңіз толық оралмағанмен, оның атын иеленген ауданда игі істер баршылық. Қазір аймақ халқы мемлекеттің қамқорлығын сезініп, келер күннен үміт күтеді. Өңірдің тіршілігін түзеуге бағытталған «Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы» аудан тұрғындары үшін игіліктің қайнарына айналды. Қазір облыс пен аудан басшылығы өңірді әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарындағы Арал ауданына қатысты жобалаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлгені байқалады. Иә, аталған жоспар тұтас облыстың дамуына серпін беру үшін әзірленгені рас. Дегенмен біздің пайымдауымызша бұл жоспардың игілігін Арал ауданы тұрғындары да көре бастаған. Мәселен, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 1,8 млрд теңгенің 4 жобасы енгізілді. Бұған дейін 3 жоба жұмыс істесе, биыл тағы біреуі іске қосылады. Ол – «Қазақстан Аквакультура» ЖШС-нің «Балық қабылдау және өңдеу цехы» жобасы. Жалпы Арал ауданында жылдық қуаттылығы 19900 тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның 4-еуі балықты тереңінен өңдейтін болса, қалғаны балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты қарапайым өңдеу түрімен айналысады. Сонымен қатар осы зауыттардың екеуі - «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісіне ие. Былтыр ауланған балық 3157 тонна болса, өңделген балық – 3100 тоннаға жеткен. Оның ішінде 2004 тоннасы Ресей, Қытай, Германия, Польша, Нидерланды, Грузия, Украина, Әзербайжан, Қырғыз республикасына экспортқа шығарылды. Бұдан бөлек, «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасын енгізу жоспарлануда. Qazaq Camel ЖШС жылына 130 мың тонна дайын өнімді өндірмекші. Мал және мал өнімдерін экспорттауға байланысты ауданнан «Жаңа-Арал» ЖШС Қытайға еліне 40 тонна түйе жүнін өткізді. Ал «Арал Талап Агро» ЖШС Өзбекстанға 189 бас түйе сатты. 2018 жылмен салыстырғанда ірі қара – 7,5 пайызға, жылқы – 22 пайызға, түйе – 6,8 пайызға, қой мен ешкі 9,1 пайызға өскен.
Жұмыссыздық деңгейі төмендеді
Өндірістен бөлек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру да өзекті болып тұр. Аудандағы кәсіпкерлікті жаппай дамытып, салық түсімін молайтып, инвестицияны тарту жұмыстарын жандандыру да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері аудандағы шағын және орта бизнес субъектінің саны 4187 бірлікке жетті. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 3 537. Соның арқасында Арал ауданында ресми жұмыссыздық деңгейі 0,9 пайызға тұрақтады. Бұл дегеніміз – жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға төмендегенін көрсетеді. Мәселен, жыл басынан бері жұмыс іздеуші ретінде орталыққа хабарласқан 3 525 адамның 1 593-і тұрақты жұмысқа орналасты. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 12 рет өткізіліп, 1 662 жаңа жұмыс орны ашылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша 470 адам оқытылып, сертификаты табысталды. Олардың ішінен 101-і өз кәсібін ашуда 318,5 млн теңге несие алды. Бастапқы бизнесті іске асырып жатқан 50 адамның әрқайсысына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар беріліп, оны ңжалпы сомасы 12,6 млн теңгені құрады. Одан бөлек мұндай көмек көпбалалы және табысы аз отбасыларға, еңбек етуге қабілетті мүгедектерге берілді. Дәлірек айтқанда 150 адамға 75,8 млн теңгенің гранты бөлінді. Яғни олардың әрқайысына 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы берілді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке биыл 1,2 млрд теңге бөлінді. Қазір 2 111 отбасына көмек көрсетілді. Жыл басынан бері жалған ақпарат берген отбасыларға анықталған бұзушылықтар бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, қайта есептелініп, төлемдер тоқтатылды. Мысалы, 126 отбасынан заңсыз есептелген атаулы әлеуметтік көмек қайтарылып, 13,5 млн теңге бюджетке түсті. Сонымен қатар Арал қаласы мен елді мекендерді абаттандырып, жолдарды жөндеу жұмыстарын жалғастырып, әрбір әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосып, жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Биыл энергетика саласына 46,8 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде Сексеуіл кенті мен Бекбауыл елді мекенінен жаңадан тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беру мақсатында электр желісін кеңейтіліп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Ал аудандық бюджеттен Жақсықылыш кенті және Аралқұм, Бекбауыл, Бөген, Ақирек, Жаңақұрылыс, Қаратерең, Мергенсай ауылдық округтерінің көшелеріне 9,7 млн теңгеге жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, Қамбаш елді мекеніне трансформатор орнатылды.Елді мекендер ауызсумен қамтылды
Басты міндет – елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Айталық, Сексеуіл кентінің тұрғын үйлерін орталық су жүйесіне қосу жұмыстары және Сексеуіл кентіне қарасты Жалғызағым елді мекенінің тұрғын үйлеріне ауыз су құбырын тарту жұмыстары толыққанды аяқталды. Арал қаласындағы Шүкіров, Жұбаниязов, Тәңірбергенов көшелеріне жүргізілген ауызсу құбырлары ағымдағы жөндеулерден өткізілді. 2019 жылға облыстық бюджеттен Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесіндегі су шаруашылығы нысандарының техникалық құжаттарын жасауға 5,1 млн теңге бөлініп, Аманөткел, Бекбауыл, Жетес би, Райым ауылдық окрутері су шаруашылығы нысандарының техникалық және бағалау құжаттары жасалды. Мысалы, Ақирек ауылдық округіндегі Қаһар каналына тазалау жұмыстарын жүргізуге, Қаратерең ауылдық округіндегі «Баян» каналының және Бөген ауылдық округіндегі «Көкіш» каналының (Сағымбай) су шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге 190,6 млн теңге бөлінді. Жетес би ауылдық округіндегі «Советжарма» каналының сағасына 2 көзді су тоспасын салынды. Сондай-ақ Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң елді мекеніне ауызсу құбыры тартылып, Камыстыбас елді мекеніндегі лагерь насосты стансасына, Райым елді мекеніндегі насос стансасына күрделі жөндеу жүргізілсе, Ақбасты елді мекеніне су тұщытқыш қондырғы алынды. Ал аудандық бюджеттен бөлінген 58,4 млн теңгеге аудандық өнер мектебі, мәдениет орталығы, Гүлдер, Мереке, Алтын балық балабақшалары, № 64 орта мектептің бу қазандықтары газ отынына ауыстырылды. Ал ауыл халқының игілігі үшін 6 санитарлық автокөлік алынып, 3 автокөлік Қызылжар, Бөген, Жақсықылыш дәрігерлік емханаларына, 1 автокөлік Арал қаласындағы Байтұрсынов дәрігерлік емханасына, 2 автокөлік орталық ауруханаға табысталды. Жергілікті бюджеттен 4,5 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алып, пайдалануға берілді. Жалпы, жыл басынан бері 1659 бала туылып, туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 0,6 промиллге жоғарылады. Туберкулез ауруымен алғаш рет ауырғандар және алғашқы рет тіркелген қатерлі ісік аурулар саны біршама төмендеп отыр. Ендеше, бірлігіміз бекем болып, өз мүддемізден елдік мұратты биік қоя білсек, алар асуымыз көп болмақ. Халқымыздың өжет рухы мен жинаған тәжірибесіне сүйене отырып, алдағы кезеңге де абыроймен қадам басатынымызға күмән жоқ. Өйткені өз еліміздің дамуы мен халық тұрмысының сапасын көтеру – бәрінен биік ортақ мүдде.Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы