Алматы облысының туристік әлеуеті аса зор. Сол мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. Соның бірі – әлемдік онлайн-платформаға туристік нысандар орналасқан жерлерді жүктеу. Мәселен, GoogleMaps, Yandex карталарында және TripAdison сайтындағы Алматы облысының парақшасында өңірдің 8 мыңнан астам туристік локациясы пайда болды. Сол сияқты облыстық Туризм басқармасы мен Wikipedia жалпыға бірдей қолжетімді энциклопедиясы арасында меморандум жасалып, YouTube танымал бейнехостингінде «KZ-дағы демалыс. Жетісуға саяхат» бейнебаяны орналастырылған. Облыстық Туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаеваның айтуынша, кәсіпкерлерді цифрлық құралдарды қолдануға, жүктелген мәліметтерді кеңінен таныстырып, сараптауға үйрету жүргізілуде. Биыл сәуірдің соңында облыстық Туризм басқармасы Тұңғыш Президент – Елбасы қорының қолдауымен Most бизнес-инкубаторының қатысуымен туризм бойынша Global Online Startup Weekend: Covid-19 Edition бірінші виртуалды топ ұйымдастырылды. Сөйтіп, туристік сала UNWTO Healing solutions for tourism challenge жаһандық бастамасына қосылды. Республиканың әр түкпірінен 200-дей қатысушы жобаға үн қатып, асқан жеделдікпен өзгеретін бүгінгі заманда туризмді дамыту міндетіне ортақ үлес қосуға ниет білдірді. Өңірде туризмді дамытуға қатысты қабылданған шаралардың арқасында соңғы 10 жылда Жетісуға келген туристер легі 3,5 есеге артып, кейінгі бес жылда тіптен қарқын алған. Мұнда облыс басшылығының туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарған ауқымды жұмысының да өзіндік ықпалы бары анық. Былтырғы жаз маусымында Алакөл, Балқаш көлдері мен Қапшағай су қоймасында демалғандар саны 1 725 600 адамға жетті. Соның ішінде Алакөлге 1,3 млн адам барған. Су айдындары жағалауындағы туристерді орналастыру орындарының саны 500-ге жетсе, оның басым бөлігі Алакөлде орналасқан. Демалушыларға ұсынылған орналастыру орындары мен туристік сауықтыру қызметі 1,5 есеге өсіп, 9,7 млрд теңге болыпты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірде туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, республикалық туристификация картасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алматы облысының тау кластері мен Алакөл көлінің жағалауын қоса алғанда үздік ондықты дамыту қарастырылған. Осы мақсатта Алматы қаласы әкімдігімен және «ҚазақТуризм» ұлттық компаниясымен арада үшжақты келісімшартқа қол қойылып, «Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі» бірлескен жобалық кеңсе құрылды. Инвестициялық жобаларды дамытудың жол картасы дайындалып, Талғар локациясының инженерлік инфра- құрылымының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жалпы, Алматы тау кластері туризмнің 5 негізгі түрі бойынша 8 локациядан тұрады. 2019 жылы жергілікті бюджет есебінен Талғар локациясының инженерлік инфрақұрылымын жобалау басталды. Қазіргі кезде тау кластері аумағында жылына 1,5 млн туристке қызмет көрсететін 50 шақырымнан астам шаңғы трассасы, 25 көтергіш жұмыс істейді. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде қызмет көрсету көлемі күніне 7,5 мың адамнан 65 мың адамға дейін, трасса ұзындығы 53,3 шақырымнан 456 шақырымға дейін, нөмірлік қордың бір мезгілдегі сыйымдылығы 670-тен 4 мың төсек-орынға дейін артады. Сонымен қатар «Бірлік – Алмалық – Рысқұлов – Қазстрой – «Ақ-Бұлақ» тау курорты» автожолының 17 шақырымына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жергілікті бюджеттен 314,0 млн теңге бөлінді. Oi-Qaragai Lesnaya Skazka шипажайына дейінгі республикалық маңыздағы автомобиль жолының 6,2 шақырымы 497 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты Көлсай көлдері (35 шақырым), Таңбалы музей-қорығы (38 шақырым, 905,4 млн теңге), Шарын шатқалы (11 шақырым, 561 млн теңге) сияқты туристік нысандарға апаратын автомобиль жолдары салынды. Облыстық Туризм басқармасының мәліметінше, 2025 жылға қарай Алматы өңіріне саяхаттайтын туристердің болжамды легі 4 млн адамға жетеді. Оның 3,5 миллионы облыста орналасқан туристік нысандарға келеді. Тау кластері бойынша жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі – шамамен 600 млрд теңге. Соның ішінде жеке инвестиция – 498,7 млрд теңге. Нәтижесінде, бұл шаралардың барлығы өңірде 22 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы