Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата депутаттары Үкімет пен Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап, мақұлдады. Талқылау барысында қызу пікірталас туды.
Үкіметтің дерегінше, жалпы алғанда, ел экономикасының даму қарқынының көптеген жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізілген. Былтыр ЖІӨ-нің өсімі 4,1%-ды құрады. Ал нысаналы индикатор 3,8% болған-тын. Жылдық инфляция 5,3% межесінде тоқтапты. Яғни, 5-7% дәлізінен аспады. Ұлттық қорға құйылған мұнай түсімдері 2017 жылмен салыстырғанда, 1,5 еседен артыққа ұлғайды. Осының барлығы бюджеттік шығыстардың әлеуметтік бағдарланушылығын сақтап қана қоймай, ары қарай өрістетуге де мүмкіндік берген. Атап айтқанда, өткен жылы әлеуметтік салаларға жұмсалған қаражат көлемі алдыңғы жылғыдан 14%-ға артып, 4 триллион 275 миллиард теңге болды. Бұл – ел бюджетінің барлық шығыстарының 42,2 пайызы.
– Елбасы Н.Назарбаевтың күш-жігері, оның макроэкономикалық проблемаларды шешуге ұдайы мән беруі, әлеуметтік-экономикалық салада салмақты шараларды жүзеге асыруы арқасында былтыр ел экономикасын дамытудың жоспарланған межесіне қол жеткізілді, – деді Н.Нығматулин.
Сонымен бірге, ол шешімін таппаған бірқатар салмақты мәселелерге Үкіметтің және Есеп комитетінің назарын аудартты.
– Елбасы 2018 жылғы қазандағы Жолдауында Үкімет алдына қойған басты міндеттердің бірі шығындарды оңтайландыру және қаражатты үнемдеу, тиімсіз және уақыты келмеген шығыстарды болдырмау бойынша жүйелі шаралар қабылдау болатын, – деп еске салды ол.
Бұл ретте Мәжіліс басшысының байламынша, бюджетті сапалы орындау үшін Үкіметте әлі де болса, резервтер қалуда.
– Бүгінде мемлекеттік органдардың барлық жұмысы көп жағдайда бюджеттік рәсімдерді формальды түрде орындай салуға бағытталған сияқты. Ал нәтиже, яғни осы шығыстардың түпкі нысанасы кейінгі орынға сырғиды, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Бюджеттік қаржыларды тиімсіз пайдалану себептері ретінде сауатсыз бюджеттік жоспарлау, министрліктер мен ведомстволардың бюджеттік бағдарламаларын тиісті үйлестірудің жоқтығы аталды. Мұның сыртында бюджеттік бағдарламаларда қарастырылған мақсатты көрсеткіш те өзара қабыспайды.
Бұдан бөлек, депутаттар салықтық әкімшілендірудің нашарлығын да қаперге салды. Салдарынан салықтық берешектер көлемі 198 миллиард теңгеге жеткен. Ал Қаржы министрінің тыйым салатын бұйрығына қарамастан, аванстық төлемдер ауқымы 2017 жылға қарағанда, 111 миллиард теңгеге өсіп шыға келген. Мәжіліс төрағасының пікірінше, бизнестен салықтарды осылай аванс түрінде алып қою арқылы салық органдарының өкілдері жоспарлы көрсеткіштерін орындайды. Қазіргі уақытта салықтық әкімшілендіруді жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталған Н.Нығматулин нәтиже әлден көрінуі үшін ол іске серпін беру керегін нықтады.
Талқылау барысында қалаулылар білім беру жүйесіне, соның ішінде үштілді білімге көшу мақсатында пән мұғалімдерін ағылшын тіліне оқытудың сапасына жеке көңіл бөлді. Кейбір депутаттар не себептен сертификатының болуы ғана мұғалімдерге қосымша төлем төлеудің жалғыз критерийіне айналғанын мәселе етіп көтерді. Мәселен, Үкіметтің 2018 жылғы есебінде көрсетілгендей, республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңгеден астам ақша тіл курстарынан өткен 6 740 мұғалімнің жалақысына қосымша төлем ретінде бөлінген. Алайда бүгінде соның тек 818-і, яғни 12 пайызы ғана сабақты толығымен ағылшын тілінде жүргізеді. Қалған 5 922 педагог пәнді ішінара ағылшынша араластырып өткізеді екен. Соған қарамастан, депутаттардың дерегінше, осы екі категория да бірдей қосымша төлемақыға ай сайын 35 394 теңгеден алады. Демек, ағылшынша түрлі деңгейде сабақ өткізсе де, бірдей қосымша ақы төленеді.
– Сіздер білімі үшін емес, «Сертификат» деп аталатын А4 форматындағы қағазы үшін үстеме төлем төлеп жүрсіздер. Салдарынан, мұғалімдер арасында тіл білу дәрежесіне мән берілмейді. Мұның не үшін жасалатыны да түсінікті. Бұл сіздің есептеріңіздегі көрсеткіштерді жақсартуыңызға жол ашады. Алайда осының кесірінен ұстаздардың барлық санатының ынта-ықыласы жойылады. Әрі бұл – нағыз әділетсіздік! – деп көңілтолмастық білдірді БҒМ басшысына Мәжіліс төрағасы. Ол осындай кәсіби емес тәсілден оқу сапасы зардап шегетінін айтты.
Депутаттар ақпараттық жүйелердің жұмысына да кейістік білдірді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға берілген ел қаржысының 99,7 пайызы жұмсалып кеткеніне қарамастан, бұл салада проблемалар қалған. Оның үстіне бұл жүйелердің күні бүгінге дейін өзара интеграцияланбауы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына кері әсер етуде. Қазақстанда цифрландыруға тұтастай алғанда, мемлекеттік бюджеттен 132 миллиард теңге бағытталған. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің 6 ақпараттық жүйесі «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясының ақпараттық жүйесімен кіріктірілген. Бірақ іс жүзінде олардың бір де бірі ақау-үзіліссіз жұмыс жасамайды.
– Нәтижесінде, «Азаматтарға арналған Үкімет» филиалдарының (ХҚКО) жұмысы тек өткен жылы ғана 356 сағаттан астамға тоқтап тұрған. Егер мұны 8 сағаттық жұмыс күніне шақсақ, онда 45 жұмыс күні шығады. Мұндай көзбояушылықтың азаматтарға еш қажеті жоқ. Ақша молынан бөлінеді және игеріледі, ал жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Проблеманы ақшаны үйіп-төгіп, бүркемелеудің қажеті жоқ, проблеманы нақты шешу керек! – деп қадап айтты Н.Нығматулин.
Ол мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін шенеуніктердің дербес жауапкершілігін арттыру мәселесіне екпін түсірді.
Жалпы, 2018 жылы республикалық бюджет кірістері 8 триллион 789 миллиард теңгені құрап, жоспар 101,6%-ға асыра орындалыпты. Түзетілген бюджетте бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға 9 триллион 353,5 млрд теңге көзделген болатын. Оның 9 триллион 334,7 миллиарды немесе 99,8 пайызы пайдаланылды.
Бюджеттің «Шығындар» бөлімі бойынша 2018 жылға арналған жоспар 18,8 миллиард теңге сомаға орындалмады. Соның ішіндегі бюджет қаражатын үнемдеу сомасы 334 миллион теңге болды.
– Біз жылдағы дәстүрмен, өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептерді жан-жақты талқыға салдық. Осы жолда жеткен жетістіктеріміз көп. Алайда бірқатар кемшіліктер де байқалып отыр. Оның барлығы алдағы жұмыста ерекше назарда ұсталуы тиіс. Себебі, бюджеттің жоғары деңгейде атқарылуы – елді дамытудың, халқымыздың жағдайын жақсартудың басты кепілі. Елбасы айтқандай, қазынадан бөлінген әрбір тиын тиімді жұмсалуы тиісті. Сондықтан Үкімет те, Есеп комитеті де бүгінгі сын-ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, кемшіліктерді жою бойынша жұмыс жүргізуі қажет деп есептейміз, – деп түйді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін Сенаттың қарауына жолдады.