Пленарлы сессияларда форум қатысушылары жоғары білім беру мекемелерінің өзгермелі еңбек нарығына маман дайындау қабілетін талқылап, қоғам мүддесіне жұмыс істейтін, азаматтық жауапкершілігі жоғары түлектер тәрбиелеудің талаптарын ортаға салды.
Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова форумда сөйлеген сөзінде Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы жетістіктерін атап өтті.
– Бүгінде ғаламдық жоғары білім берудің дамуынан бірқатар трендтерді байқауға болады. Біріншіден – әлемнің барлық жоғары оқу орындары шетелдік әріптестікке ерекше назар аударып, студенттерге басқа мемлекеттерде білім алу мүмкіндігін сыйлауға басымдық беріп отыр. Қазақстан университеттеріне 684 шетелдік профессор шақырылған. «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында 2010 студент АҚШ, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде білім алды. 2019 жылы қазақ диаспорасы мен шетелдік студенттерге арналған 160 шәкіртақы бағдарламасы бар. Қазақстан шетелдік студенттердің үлесі (4%) бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен теңесіп отыр, – деді ол.
Нью-Йорк университетінің академиялық істер бойынша проректоры Чарльз Зукоскидің пікірінше, заман ағымына қарай білім саласы да үлкен өзгерістерге ұшырап отыр.
– Форум сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. 2018 жылы биылғы форумның тақырыбы «Болашаққа дайын түлектер» деп бекітілді. Қазір туғанынан қолына әртүрлі гаджет ұстап өскен цифрлық ұрпақтың кезі екенін түсінуіміз керек. Цифрлы технологиялар экономикадан бастап, білім беруге дейін барлық салаға түбегейлі өзгерістер енгізіп жатыр. Сондықтан уақыт талабына сай білім беру әдістемелері, мақсаты мен құралдары өзгеру керек. Біз өзі тұратын қоғамды жақсы бағытқа өзгертуге қабілетті жастарды қалыпастыруға күш салуымыз керек, – деді ол.
Форумның бірінші күні халықаралық және қазақстандық авторлар жазған, жоғары білім берудің өзекті мәселелеріне арналған кітаптардың тұсауы кесілді. Атап айтсақ, Дэвид Бриджес редакциялаған «Білім жүйесінің реформасы және интернацияланды: Қазақстандағы мектептегі білім беруді реформалау мысалы», Мэт Хартли мен Алан Рубидің «Жоғары білімнің дамуы мен реформасы: Қазақстан мысалы», Али Мохамед, Рита Каса, Аида Сағынтаева мен Ханс Восенштайнның «Қазақстан Республикасының өтпелі кезеңде жоғары білім беру жүйесін қаржыландыру моделіне қатысты университеттер тұрақтылығы» атты кітаптары оқырманға таныстырылды.
Сондай-ақ форум аясында VIII халықаралық кітапханашылар конференциясы өтті. Университет кітапханаларының ғылым мен инновация бағытында көрсететін қызметтері мен ұсынатын ресурстары тақырыбын арқау еткен конференцияға әлемнің 15 елінен 120 делегат жиналған.