Қазақстанда 9 маусымға тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауды жария етуге шетелдік журналистердің рекордтық саны тіркелді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
– Қазақстан президентінің сайлауы – әлемде үлкен қызығушылық тудыратын мемлекетіміздің ең басты саяси оқиғаларының бірі. Оның қарсаңында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеу процесі аяқталды. Электоралды кезең бойында Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдерін тіркеу бойынша жұмыстар жүргізді, – деп мәлім етті сыртқы саясат ведомствосы.
Осылайша, жалпы алғанда СІМ әлемнің 40-тан астам елінен келетін 227 шетелдік корреспондентті аккредитациялады. Салыстыру үшін айта кетелік, 2015 жылғы президенттік сайлауға 168 шетелдік БАҚ өкілі тіркелген екен.
Сонымен бірге, шетелдік БАҚ-тың 121 шетелдік корреспонденті министрлік жанында тұрақты негіздегі тіркеуде тұр. Олар да сайлауды жазып, көрсетуге араласа алады.
«Бұл – әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге және мемлекетіміздің саяси және әлеуметтік өміріндегі болып жатқан өзгерістерге деген жоғары қызығушылығының айқын көрінісі. Шетелдік журналистер Сыртқы істер министрлігі берген тұрақты немесе уақытша аккредиттеу туралы куәлігі болған жағдайда ғана сайлауды бақылауды жүзеге асыруға құқылы екенін атап өткен жөн» деп түсіндіреді СІМ.
Бұдан бөлек, «Сайлау туралы» конституциялық заңда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларына, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдеріне аккредиттеу туралы куәлікті ұсынған жағдайда аудармашысын ілестіріп жүріп, сайлауға қатысуына мүмкіндік беретін норма бекітілген.