Қазақстан президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы еліміздің барлық аймағын аралап, Нұр-Сұлтанға оралды. Штаб мүшелері елордалық өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымымен, астаналық ЖОО оқытушыларымен және студенттерімен кездесіп, «Есіктен есікке» акциясына қатысты.
Республикалық штаб жетекшісі Қ.Тоқаевтың ары қарай да мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, бір-бірін қайталайтын қызмет түрлерін қысқарту, сыбайлас жемқорлықпен күресу және мемлекет бюджетінің тиімсіз шығындарын қысқарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын айтты.
– Мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын халыққа пайдасы аз имидждік мақсаттағы шараларды қысқартып, қаржыны экономикамыздың дамуы мен азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттау керектігі де құжатта анық көрсетілген. Сол себепті бұл сала Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында, – деді Республикалық штаб басшысы астаналық кәсіпорындардың бірінде өткен жиын барысында.
Сонымен қатар Team Qazaqstan бастамасымен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің қабырғасында студенттер мен жастар қанатының белсенділері – болгерлермен, вайнерлермен, эстрада жұлдыздарымен кездесті.
Сондай-ақ штаб мүшелері елордадағы құрылыс алаңдарының біріне келіп, «Есіктен есікке» акциясы аясында сайлаушылармен кездесті. Nur Otan партиясының Орталық аппаратындағы #NurOtanTrends алаңында танымал сарапшылар мен талдаушылар азаматтардың Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған ұсыныс-тілектерін жинауды мақсат еткен #Birge жалпыұлттық акциясының алдын ала нәтижелерін талдады.
Айдана БЕГІМ