«Ұлы Дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан сайлауға түскен үміткер ретінде біздің қозғалыстың республика бойынша ұлттық құндылықты насихаттап келе жатқан жалғыз ұйым екенін жеткізгім келеді. Маңғыстау өңірінің ел экономикасы, демографиясы мен туризміне қосып отырған үлесі зор. Менің сайлауалды бағдарламамда да халқымыздың әл-ауқатын көтеруге, демографиясына зор көңіл бөлуге, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге байланысты кезек күттірмей шешетін міндеттер атап көрсетілген», – деді кандидат.
Кандидаттың Маңғыстаудағы сайлауалды штабының жетекшісі Орынбасар Құлыбеков еліміздің ұлттық ат спортын дамытудағы ұлттық құндылықтардың зерттеушісі әрі жанашыры С.Түгелдің азаматтық, қайраткерлік қырына тоқталды. Үміткер Ақтаудан кейін Жаңаөзендегі «Жастар шығармашылық орталығында» кездесу өткізіп, бағдарламасының бағыттарын баяндады. Бұдан Пір Бекеттің мәңгілікке дамыл тапқан Оғланды шатқалына барып, зиярат етіп, арнайы дұға бағыштады.
Одан бір күн бұрын Атырауда сайлаушылармен кездескен болатын.
«Ешқандай партияда жоқпын, ана тілімнің мәртебесін көтеру мақсатында барлық жерде мемлекеттік тілде сөйлеймін. Біздің қозғалыстың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Ұлы дала мәдениетін жаңғырту, халықты бірлікке, ынтымаққа шақыру. Жеріміздің асты мен үстінен түскен қазба байлық – халқымыздың меншігі. Сол байлықтан түскен пайда әрбір азаматқа тиесілі болуы қажет», – деді кандидат.
С.Түгелдің штабы «Ұлттық құндылықты ұлықтаймыз!» атты қолөнершілер көрмесін ұйымдастырды. Жиналғандар алдында Тұрлан Бисембаев, суретшілер Лаура Тілекбай, Мұрат Ерғалиевтар домбыра жасау туралы шеберлік-сынып өткізді.
Айдана БЕГІМ