Елордадағы №59 мектеп-лицейінің 11 - сынып оқушылары Әдина және Әдия Кәкім АҚШ –тың 10 және Австралияның 1 жоғарғы оқу орнының грантын ұтып алып, аталған университеттерден шақырту алды. Осы орайда астаналық оқушылар халықаралық білім грантын ұтып алудың қыр-сырымен бөліскен болатын.
«Біз 9 сыныптан бастап, жоғарғы оқу орнына түсу жайын ойластыра бастадық. Мәселе қандай мамандықты таңдаймыз деген сұрақтан басталды. Дегенмен қандай мамандық, қай оқу орнына болмасын түсу үшін ең алдымен тынымсыз дайындықтың керектігін түсіндік. Сөйтіп дайындықты шет тілін үйренуден бастадық. Яғни қытай тілінен бастап, 9 сыныптан соң біз Қытайдың оқу орнына шақырту алдық. Содан соң ғана нақты мамандықты таңдап, соған сәйкес пәннің дайындығына мән бере бастадық», - дейді егіздің сыңары Әдия Кәкім.Жас түлектің айтуынша, мамандық пен оған түсу үшін дайындықты ерте жастан бастаған жөн. «Біз 9 сыныптан бастап мамандықты таңдап, толық дайындыққа көштік. Мен халықаралық қатынастар мамандығын, ал сыңарым Әдина психологияны таңдады. 3 жылғы тынымсыз дайындықтың нәтижесінде біз биыл АҚШ-тың 10 бірдей университетінің және Австралияның 1 университетінің грантын ұтып алып, шақырту алдық. Олардың ішінде 5 оқу орны толық түрде грант ұсынып отыр, ал қалғаны жартылай грант пен президенттік стипендия ұсынуда», - деді ол. Егіздердің сүйікті пәндерінің қатарында ағылшын тілі, адам және қоғам, орыс тілі және география сабақтары бар.
«Екеуміз де биылғы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерміз. Мектепті сәтті аяқтаған соң, қайсы университетті таңдайтынымызды анықтау қажет. Бізді шақырған жоғарғы оқу орнының әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мысалыға айтар болсам, Public Affairs – Syracuse University-не биылғы жылы жан-жақтан 31 мыңнан астам өтінім келіп түскен, соның ішінен 3600 түлекті таңдап алған, оның қатарында біз де бармыз. Және сол университетте АҚШ-қа және әлемге танымал тұлғалар білім алған», - дейді елордалық түлек. Сондай-ақ, астаналық қос вундеркинд бос уақыттарын қалай өткізетіндіктері туралы айтып берді. «Сабақ пен дайындықтан тыс уақытта волонтерлік іспен айналысамыз. Атап айтқанда, IRONMAN70.3, Astana Finance Days, Global Blockchain Conference сол сияқты елордада үш жылда бір өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі секілді айтулы шараларда волонтер қызметін атқардық. Сол еңбегіміз үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының алғыс хатын алдық. Одан бөлек, сурет салып және Instagram парақшасында шетелдік оқу орындарына қалай түсу керектігі жөнінде өзіміздің тәжірибемізбен бөлісеміз. Қазір испан тілін үйреніп жүрміз», - дейді Ә. Кәкім.