Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары банк несиесі, баспананы жекешелендіру, жер мәселелері бойынша сұрақтар жолдады. Әрбір өтініш үміткердің және «Ақ жол» партиясы депутаттарының бақылауына алынды.
Ал 4 маусым күні Дания Еспаеваның сенімді өкілдері – А.Перуашев, Б.Өтепбаев, А.Қошмамбетов және облыстық партия ұйымының белсенділері Жамбыл облысында бірқатар кездесу өткізді. Алғашқы кездесу Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылындағы Мәдениет үйінде өтті. Сенімді өкілдерге әлеуметтік, зейнетақы, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы және халықты жұмыспен қамту салалары бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Кездесуге келгендер Д.Еспаеваның өмірі мен қызметіне қызығушылық танытты. Бұдан кейін республикалық штаб өкілдері «Қостөбе» ауылында шағын бизнес өкілдері мен шаруа қожалықтары өкілдерімен кездесуде болды. «Қостөбе» ауылдық округінің әкімшілік ғимаратының конференц залында өткен кездесуде сенімді өкілдерге мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге берілетін субсидия мен несие мәселелері бойынша сұрақтар қойылды. Келесі үгіт-насихат Тараз қаласындағы «Қошмамбетов и К» ЖШС-нің конференц залында өтті. Оған Тараз қаласының ірі, орта және шағын кәсіпкерлері келді. Азат Тұрлыбекұлы Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясы депутаттарының атқарған жұмысына шолу жасап, үміткер Дания Мәдиқызының сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.
Айдана БЕГІМ