Қазақстан Өзбекстанның Сардоба су қоймасына жүргізілетін техникалық аудитке қатысады
Қазақстан Өзбекстанның Сардоба су қоймасына жүргізілетін техникалық аудитке қатысады
241
оқылды
Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен кездесу өткізді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева Facebook-тегі парақшасында жазғандай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевтің қол жеткізген келісімін жүзеге асыру аясында тараптар екі ел арасындағы су шаруашылығының маңызды салаларын талқылады. Кездесудің басты мақсаттарының бірі – Сардоба су қоймасының тағдыры. Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев су қоймасының жарылуы Өзбекстанмен бірге Қазақстанда тұратын халыққа да үлкен экономикалық шығын әкелгенін мәлім еткен.
«Келіссөздер барысында біз Сардоба су қоймасы бойынша шешімді бірлесе қабылдау туралы шешімге келдік. Су қоймасына халықаралық және қазақстандық сарапшылардың қатысуымен техникалық аудит жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша осы су қоймасының тағдыры шешіледі», - деп пікір білдірді кездесу қорытындысы жайлы Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар тараптар трансшекаралық су қоймаларын басқару, пайдалану мен күзету істерін бірлесе жүргізе үшін үкіметаралық келісім әзірлеп, қол қоятыны жайлы келісімге келген. Тараптар осы жылдың 15 маусымына дейін Су қатынастары саласындағы ынтымақтық бойынша жол картасын әзірлеп, бекітуге келісті. Кездесуге қатысушылар одан бөлек 2020 жылы Сырдария өзені бойынша вегетациялық кезеңді өткізу шараларды өткізуді өзара мақұлдасты.
«Негізгі гидроқұрылымдар мен су шаруашылығы учаскелеріне мониторинг пен бақылау жүргізу бойынша бірлеске жұмысты ұйымдастыру туралы шешімге қол жеткізілді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Кездесуге қатысушылар Сырдария өзенінің су ресурсының шаруашылық үйлесімі бойынша бірлескен жұмысты жүргізуге келісіп, Қарадария мен Шыршық өзендеріне су жіберу лимитін талқылау мүмкіндігін қарастырды.